«Адамдардың сенімі маған шабыт сыйлайды»
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Әбілханқызы өңіріміздегі түрлі әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына белсенді атсалысып жүрген іскер тұлға. Жуырда елдің алғысына бөленіп жүрген халық қалаулысымен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбат барысында Әсел ханым депутаттық қызметтің жауапкершілігі, қоғамдық жұмыстардағы негізгі ұстанымдары және қоғамдағы өзекті мәселелер жайында ой бөлісті. Сонымен қатар, жеке өміріндегі қызықты сәттер мен болашақ жоспарлары да әңгімеге арқау болды.
– Әсел Әбілханқызы, сізді қоғамдық кеңестің мүшесі, мәслихат депутаты, бірнеше ұйымның директоры ретінде танимыз. Мұндай белсенді өмірді сұлулық, нәзіктікпен үйлестірудің құпиясы неде?
– Жеке және кәсіби өмірдің үйлесімін табудағы басты құпия – өз ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік. Белсенді қызмет атқаруымның сыры – өмірге деген махаббатымда. Әр адам өз жұмысын жан-тәнімен сүйсе, уақыт өте келе жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ешқандай құпия жоқ, тек өмірді сүйе білген жөн.
– Қайырымдылықпен де белсенді айналысасыз...
– Қайырымдылық – адамгершіліктің ең жарқын көрінісі. Әрбір қайырымды іс адамның жүрегіндегі мейірімділік пен жанашырлық сезімінен туындайды.
Өткен жылы Екібастұз қаласына көмек ретінде арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Қаладағы жағдай қиындап, көптеген отбасы материалдық көмекке мұқтаж болды. Сол кезде қаражат жинауды қолға алдық. Сөйтіп, жиналған қаржыны мұқтаж отбасыларға жібердік. Сонымен қатар былтырғы көктемдегі су тасқыны Орал мен Ақтөбе өңірлеріне айтарлықтай залал келтірді. Онда да бейжай қарап отырмай, көмек көрсетуге бел будық. Су тасқынынан ең қатты зардап шеккен аймақтар – Орал қаласы, Ақтөбе облысы және Қобда ауданы болды. Көмек көрсету мақсатында акция ұйымдастырып, тұрғындарды игі іске атсалысуға шақырдық. Жиналған қаражатқа азық-түлік, киім-кешек, алғашқы көмек көрсету құралдарын, қайық, күрек және басқа да заттарды сатып алдық. Гуманитарлық көмекті ауыр жүк көліктеріне тиеп, көмек қажет жерлерге жеткіздік. Қобдаға дейін барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. Мұқтаж жандарға заттарды өз қолымызбен тараттық. Мұндай іс-шаралар тек материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Бұл – адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын, адамгершілігін көрсетудің жолы. Қиындыққа тап болған жандардың алғысын есту, олардың қуанышқа толы көздерін көру – қайырымдылық жасаудың басты сыйы. Бұл біздің қоғамның бірлігін, мейірімділігін, өзара түсіністігін нығайтады.
– Жуырда ғана сіз құрған «SERT-inform» ақпарат агенттігі жұмысын бастады. Бұл идея қалай пайда болды?
– Биыл біз үшін ерекше әрі маңызды жыл. «SERT-inform» ақпарат агенттігін ашып, медиа саласының бір бөлігіне айналдық. Бұл жобаны құру – көптен бері ойымда жүрген арманым, жанымның қалауы болатын. Енді сол мақсатымды жүзеге асырып, қоғамға шынайы әрі сенімді ақпарат жеткізу жолында еңбек етуді бастадық. «SERT-inform» ақпарат агенттігін құрудағы басты мақсатымыз – халықты нақты, тексерілген және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазіргі медиа кеңістікте жалған ақпараттың таралуы жиілеп кеткені жасырын емес. Мұндай жағдайда шынайы деректерге негізделген жаңалықтарды тарату – қоғамның сенімін арттырудың және ақпараттық сауаттылықты көтерудің маңызды жолы. Тек шынайы фактілерге сүйеніп, оқырмандарымызға дұрыс мәліметтер жеткізуді міндетіміз деп санаймыз.
Бұған дейін ақпараттық салада кәсіби түрде жұмыс істемегендіктен бұл бастама мен үшін үлкен сынақ болды. Соған қарамастан, алғашқы қадамдарымыз жаман емес. «SERT-inform» агенттігі қысқа уақыт ішінде өз бағытын анықтап, аудиторияның қызығушылығын тудырды. Жоспарларымыздың ішінде аналитикалық сюжет, әлеуметтік тақырыптағы мақалалар, сараптамалық материалдар мен арнайы репортаждар әзірлеу де бар. «SERT-inform» агенттігінің жұмысы енді ғана басталды, бірақ алға үлкен жоспарлар мен биік мақсаттар қойып отырмыз. Жақын арада жетістіктерімізге сіздер де куә боласыздар деп сенеміз.
– Сіз жүргізетін подкастар да тыңдарман арасында танымал. Подкаст түсіру ойыңызға қайдан келді?
– Подкаст жүргізу – мен үшін өзіме ұнайтын дүниемен айналысу ғана емес, тыңдарманға пайдалы өнім ұсыну мүмкіндігі. Бұл тыңдарманмен тығыз байланыс орнатып, олардың пікірлерін ескеруді талап етеді. Подкаст арқылы мен түрлі кейіпкерлермен сөйлесіп, олардың өмірлік тәжірибесінен шабыт аламын. Мысалға алатын болсам, саясаткер, өнер адамы немесе спорт шебері – бәрінің әңгімесінен тың нәрсе үйренемін. «Тіл – көңілдің кілті» дегендей, әр сұхбатта кейіпкердің жандүниесіне үңілуге тырысамын.
– Әйелдердің көшбасшылық рөлі туралы пікіріңіз қандай?
– Әйелдердің қоғамдағы көшбасшылық рөлін арттыру өте маңызды. Гендерлік теңдік қағидаттарын ұстана отырып, әрбір әйелдің өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беруіміз керек. Қоғамда әйелдердің тек үй шаруасымен шектелуі туралы теріс түсінік әлі де бар. Бірақ қазіргі заманда әйелдер саясатта да, бизнесте де, білім беру саласында да жетістікке жетіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
– Мәслихат депутаты ретінде Тараз қаласында қандай мәселелердің шешімін табуына, қай саланы дамытуға басымдық бересіз?
– 6-сыныпта оқып жүргенде депутат болуды армандадым. Сол кезде Шерхан Мұртаза Мәжіліс депутаты еді. Шерхан атамыздың Мәжіліс мінберінде еліміздегі өткір мәселелерді батыл көтергенін телеарналардан көріп, баспасөзден оқып, сол кісі секілді болғым келетін.
Бала арманым орындалып, бүгінде №4 сайлау округінен сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутатымын. Қазіргі уақытқа дейін бұл аумаққа жол салынып, көшелер жарықтандырылды. Қазір балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылым мәселелері әлі толық шешілмеген. Сондықтан депутаттық сауалдарымның басым бөлігі осы салаларға қатысты. Менің міндетім – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажетті инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, мәселелерді шешуге атсалысу және қоғамдық қызметтерді жақсарту.
– Сіздің ойыңызша, депутат ретінде ең маңызды жетістігіңіз қандай?
– Жалпы адамдардың сенімі шабыт сыйлайды. Көпшілік маған мәселелерін айтып, оң шешімін күтеді. Бұл сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік. Халықтың алғысы алға жетелейді. Әр шешім қабылдағанымда елдің игілігіне бағытталуын басты назарда ұстаймын.
Мен үшін ең үлкен жетістік – халықтың сенімі мен алғысы. Мәселен, ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту, жастарға арналған спорт және демалыс алаңдарын ашу жобаларына үлес қосу – осы жолдағы маңызды қадамдар. Бұлар адамдардың өмір сапасын арттырады, ал бұл мен үшін басты жетістік.
– Қазіргі таңда қоғамда әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру үшін қандай қадамдар жасалу керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, әйелдердің білім алуына, кәсіби дамуына толық мүмкіндік берілуі тиіс. Бізде талантты, білікті әйелдер өте көп. Оларға тек қолдау мен сенім қажет. Мемлекеттік бағдарламалар аясында әйел кәсіпкерлерге көбірек гранттар беріліп, отбасы мен жұмысты үйлестіруге мүмкіндік жасалса, бұл үлкен ілгерілеуге алып келер еді.
– Сіз отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүрсіз. Уақытты қалай тиімді жоспарлайсыз?
– Тиімді жоспарлау – күн тәртібіне байланысты. Әр сағатымды алдын ала реттеймін. Әрине, қиындықтар болады, бірақ отбасыма уақыт бөлуді ешқашан ұмытпаймын. Отбасым – ең үлкен қолдаушыларым. Олар мені әрдайым түсінеді әрі қолдайды.
– Егер бір күніңізді мүлде басқа бір салада өткізу керек болса, қай саланы таңдар едіңіз?
– Егер басқа кәсіпті таңдау мүмкіндігі болса, ресторатор болар едім. Бұл мамандықтың мен үшін ерекше мәні бар. Себебі ресторан бизнесі – тек тағаммен айналысу ғана емес, адам жанына жылу сыйлап, әрбір келушінің көңілінен шығу. Ресторатор болу, менің ойымша, қонақжайлылық пен шығармашылықты үйлестіретін сала. Мен әрбір қонақтың өзін жайлы сезінуі үшін ресторанның атмосферасын мұқият құруға мән беретін едім. Кірген сәтінен бастап, ішкі интерьер мен қызмет көрсету мәдениеті, дәмді тағамдар, барлығы да адамның көңіл күйіне әсер етеді.
– Жеке тұлға ретінде өзіңізді қалай дамытып отырасыз?
– Әрдайым жаңа нәрселер үйренуге тырысамын. Кітап оқу, семинарларға қатысу, кәсіби мамандармен тәжірибе алмасу – тұрақты әдеттерім. Сондай-ақ подкаст арқылы да көптеген жаңа идея табамын. Өзін-өзі дамыту – ешқашан тоқтамауы тиіс үдеріс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА