Білім

Инклюзивтік білім беру – басты назарда

Даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудегі өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, өңірде 2024-2025 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін    9 468 бала (3 265 баланың мүгедектігі бар) анықталып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 268 балаға өскен. 9 468 баланың 5 089-ы мектеп жасына дейінгі, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар болса, оның 7 120-сы біліммен және тәрбиемен қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 2 753. Сонымен бірге 77 мектепке дейінгі мекемедегі логопункттерде 2 007 бала инклюзивті тәрбиеленіп жатса, 18 мектепке дейінгі мекемеде 746 бала арнайы топтармен қамтылған.

Оқумен қамтылмаған 2 348 бала білім алуға жарамсыз болса, 942-сі мектеп жасына дейінгі балалар. Осы балалардың 571-і психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінен, оңалту, аутизм орталықтарынан түзету көмегін алады. Қалған өрендердің 71-і «Үміт» балалар үйі мен №4 арнаулы мектеп-интернатында болса, 1 133-і әлеуметтік қамқоршылықтағы балалар, 202-сі мектеп бітірушілер. Өңірде ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді, – деген Рауан Нұрғалиұлы өткен жылдың 10 айының қорытындысымен облыс бойынша 8 167 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілгенін жеткізді.

Инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны жылдан-жылға артып келеді. Былтыр шамамен 447 жалпы білім беретін мектептің 398-інде, 224 мемлекеттік мектепке дейінгі мекеменің 181-інде инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған.

Сондай-ақ облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Жол картасына сәйкес қадамдық жоспар әзірленіп, 2025 жылға дейін Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттерін, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметі мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған.

Былтыр аймақтағы 4 арнайы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен жалпы құны 90,8 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген.

2024-2025 оқу жылына қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатында 12 миллион 724 мың 930 теңге көлемінде қаржы қарастырылып, игеріліпті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ