Жамбыл жаңалықтары

Қарасайда спорт кешені ашылды

Қарасай ауылында көптен күткен қуаныш – жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған. Мұнда бірнеше спорт түрімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.

Спорт кешенінің ашылуын қарасайлықтар ұзақ күткен болатын. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, өзге де басшылық өкілдері, ардагер спортшылар келді. Алғашқы құттықтау сөзді алған Бегзат Сейсенқұлұлы осы жерден тек ауданымыздың емес, еліміздің абыройын асқақтататын спортшылар шығатынына сенім білдірді.

Келесі кезекте құттықтау сөз ауыл ақсақалы Құрманғазы Жетігеновке берілді.

Нысанның лентасы қиылған соң жиналған қауым ғимарат ішін аралап көрді.

Ашылу салтанатына орай ауыл балалары арасында шағын футболдан кездесу өтті. Футболды жаны сүйетін жастарға аудан әкімі футбол доптарын сыйлады.

Айта кетсек, ауданда бүгінде 3 спорт мектебі және 2 балалар мен жасөспірімдер спорт клубы жұмыс істеуде. Аталған спорт мектептерінде 3 500-ге жуық оқушы тіркелген. Ауданда жалпы 11 спорт кешені жұмыс істейді. Спорт нысандардың барлығы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Осының арқасында ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 50 мыңға (41 пайыз) жақындады. Ал Қарасайдағы жаңа спорт кешені бұл көрсеткіштің артуына септігін тигізетіні анық.

Еркін ҚАТБЕКОВ,
журналист,
Қордай ауданы