Таразда тағы бір зауыт іске қосылды
Қазіргі уақытта суды үнемдеу және суды үнемдейтін технологияларды қолдануға көшу экономиканың барлық салаларында қажеттілікке айналуда.
Кеше Тараз қаласында тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылды. Қытайлық «KAZ Каспий ГИДРО ауылшаруашылығы технологиясы» компаниясы инвестор ретінде жобаға 2,8 миллиард теңге салып отыр. Компанияның ауылшаруашылығы құбырлары мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруде тәжірибесі мол.
Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорынды аралаған аймақ басшысы өндіріс ошағында жасалып жатқан суару жүйелері құбырларының сапасына оң бағасын берді. Зауыттың қуаттылығына келсек, жылына 20 гектар алқапты суландыру жүйесімен қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы зауыт басшысы Фу Бинге жұмыс сапарымен Қытай еліне барғанда үлкен жылу құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болғанын айта келіп, алдағы уақытта өңірде де сондай жылу құбырларын шығару ісін қолға алса, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осылайша екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық ұлғая түсетінін айтты. Өз кезегінде Фу Бин де айтылған мәселе жоспарда бар екенін жеткізді.
Сонымен қатар Е.Қарашөкеев шаруаларды облыста шығарылатын өнімді пайдалануға шақырды.
Облыс әкімі зауыт басшысына өнімді сапалы етіп шығаруды әрі бағасы да тиімді болуы керектігін тапсырды және жұмысшыларды жергілікті жерден алуды міндеттеді. Қазіргі таңда зауытта 30 адам жұмыс атқаруда, зауыт толық қуатына енгенде 60 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ