Жаңалықтар

Алматыда әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды

Бүгін, 16 қаңтарда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Алматыда тұратын әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды,деп хабарлайды arainfo.kz.

Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, 2024 жылы мемлекеттік стипендияға 75 адам ие болды.

Аида Балаева стипендия иегерлерін құттықтап, олардың қазақ мәдениетін дамытуға зор үлес қосқанын атап өтті. Министр шығармашылық зиялы қауым мәдени бірегейлікті сақтау, ел бірлігін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

Аида Балаева Мемлекет басшысының барлық бастамалары ең алдымен ұлт бірлігін қалыптастыруға, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Елдіктің мәртебесін арттыруда өздеріңіздей мәдениет майталмандарына, шығармашыл қауым өкілдеріне жүктелер міндеттің де ауқымы зор. Әрине, осы жолда зиялы қауым өкілдері Президентімізге тірек болып, қашанда қолдау білдіретіндігіне күмәніміз жоқ. Ең бастысы – осы игі бағытта жұдырықтай жұмылып, ел мүддесі үшін аянбай қызмет ету. Мемлекет өз тарапынан мәдениет майталмандарының шығармашылығын қолдауды жүйелі түрде жалғастыра береді», – деді министр.

Стипендия иегерлері қатарында Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешева, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдікұлы, Татьяна Тарская, Гульвер Разиева және басқа да көрнекті мәдениет қайраткерлері бар.