Мәдениет

Биді өмірінің мәні санайтын Динара

Бірде қанатын кеңге жайып, қалықтаған қыран құстай көкке ұмтылды. Енді бірде қырдағы жауқазындай жайқалып тұра қалды. Бірде талшыбықтай бұралып, бұрымын өрген бойжеткеннің бейнесін сомдаса, енді бірде ғашықтық сезімін жеткізуге асыға аласұрған жанның образына түсті. Оның әр қимылынан бірде шер, бірде қуаныш, бірде мұң төгіліп жатты. Бұл осының барлығын музыкамен біте қайнастырып, асқан сұлулықпен шебер суреттеп жүрген биші қыз еді...

Би өнері – тілсіз. Оны тек көзбен көріп, түйсікпен түсініп, жүрекпен сезіну ғана қажет. Әрбір жан мен тәннің тілегін қимыл-қозғалыс арқылы жеткізуге талпынған би әлемінің жетістігі шексіз көрінеді. Ол үшін қол, дене, саусақ, әр буынның қимылы үлкен рөл атқарады. Тарихқа көз жүгіртсек, адамның қоршаған ортадан алған әсері бидің қимыл-қозғалысына негіз болған. Түрлі көріністер, табиғат құбылыстары ырғақты қимыл арқылы туындаған.

Динара Кебеева мектеп табалдырығын аттамай тұрып, бүлдіршін кезінен бастап биге қатты қызығып өсті. Той-томалақтарда қуыршақтай қыздың шыр айнала билегеніне тәнті болғандар сүйсініп-ақ қалатын. Сосын ақ тілегін жаудырып, сый-сияпат жасайтын. Осындай қошемет пен сүйіспеншіліктің барлығы кішкентай қыздың көңілін көтеріп, жанына жаздың жаймашуақ жайлылығын сыйлағаны соншалық, ол есейгенде де биші болуды армандады.

Жалпы би образдары адамның ішкі жандүниесін сыртқа көрсетіп, ішкі болмысынан хабар береді. Адам денесі әуен ырғағына сай құбылып, түрлі қимылдарға негізделіп, көркем образдармен айшықталады. Өнердің бұл түрінің де өзінің үні бар. Бидің сол тілсіз үнінен Динара сыр тартып, бүлдіршіндерге үйретіп жүр. Өнер иесі билеу үшін икем болуы аздық ететінін, бұл салада жетістікке жету үшін биді сезіну қажеттігін алға тартты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ