Мерекеде де қауіпсіздікті күзеткен жауынгерлер
Жаңа жылды мерекелік дастарқан басында, жақындарының қасында емес, жұмыста қарсы алатындардың қатарында әскери қызметкерлер де бар. Отан қорғаушылардың жауынгерлік міндеті бір сәтке де тоқтамайды.
Міндетіне жауапты мамандар арасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жедел кезекшісі, подполковник Абзалхан Симбиев пен оның көмекшісі, подполковник Мұхтар Есенжоловтың есімін ерекше атап өтуге болады. Жауынгерлер үшін 31 желтоқсан – кезекті күндердің бірі. Қызығы, екі кейіпкеріміз де кезекшілікке бірінші рет түсіп отырған жоқ. Жиырма жылдық қызметтік жолында Абзалхан да, Мұхтар да Жаңа жыл мерекесін кемінде бес-алты рет жауынгерлік бекетте өткізген.
Подполковник Мұхтар Есенжолов алғаш рет жаңажылдық кезекшілікке курсант кезінде, яғни әскери институтта оқып жүргенде түскен. Жиырма бес жылдан асатын әскери өмірінде бірнеше рет кезекшілікке түсіп, халықтың тыныштығын күзетіпті.
Мереке күндері қызмет ететін офицерлер мен сарбаздар үшін мұндай әрекет үйреншікті жағдай. Жақындарының қолдауы жауынгерлерге үлкен көмек, жігер береді.
Бүкіл халық Жаңа жылды тойлап жатқанда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері, сондай-ақ барлық Қазақстан әскері осы мерекелік түнде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуі – ерлік пен антына адалдықтың белгісі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ