Мұхамедияр Бөтенбаев – ең үздік сапер
Жаңа жыл қарсаңында Астана қаласында «Әскер тарланы» байқауының қорытындысы шығарылып, үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарды Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов марапаттады.
Жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауы әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, жауынгерлік тәжірибені таратуға және армияның имиджін арттыруға бағытталған.
Марапаттау рәсімінде Руслан Жақсылықов Қарулы Күштер үшін 2024 жыл көптеген маңызды оқиғалармен ерекшеленгенін атап өтті. Олардың қатарында министр БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын өз бетінше орналастыруға және орындауға мандат алуын, сондай-ақ әскери қызметшілердің көктемгі су тасқынына қарсы күреске қатысқанын сөз етті.
Салтанатты кеште өз номинациясы бойынша үздік атанғандардың қатарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28349 әскери бөлімінің сапері, кіші сержант Мұхамедияр Бөтенбаев та бар. Мұхамедияр үшін бұл марапат – ұзақ жылдық адал еңбегінің лайықты бағасы.
Кіші сержантқа жүлдені тапсырған министр Руслан Жақсылықов жауынгердің жоғары кәсібилігі мен батылдығына тоқталып өтті.
Мұхамедиярдың өзі: «Үздіктердің қатарынан көрінуім – үлкен мәртебе. Осы жылдар ішінде қандай жағдайда да қолдаған әріптестеріме, отбасыма алғыс айтамын. Бұл марапат менің ғана емес, барша жамбылдық жауынгерлердің жеңісі. Өз мамандығымды мақтан тұтамын және еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын», – деп ағынан жарылды.
Отағасының жетістігіне жұбайы Аида, сондай-ақ төрт ұлы мен сүйікті қызы да дән риза. Мұхамедиярдың перзенттерінің үлкені 7 жаста, ал кіші қызы 3 жаста.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ