Руханият

Желі «жұлдызына» айналған майор

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әлеуметтік желіде ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрсұлтан Рахымбайдың сарбаздарды шығарып салып жатқан видеосы тарады. Бейнежазбада командирдің жауынгерлерге қарата айтқан сөзі желі қолданушыларының қолдауына ие болды.

Н.Рахымбайдың Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарған сарбаздарға арнаған мейірім мен жанашырлыққа толы сөздері мен ағалық ақыл-кеңесі көңілге жылылық ұялатады.

Осыдан кейін жеке құрам сарбаздары командирлерінің қолын алып, қимастықпен қоштасты. Желіде осы бір сәт қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың сүйіспеншілігін тудырды.

Желі жұлдызына айналған Нұрсұлтан Рахымбай Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тумасы. Кейіпкеріміздің әкесі Қайрат шекара қызметінде абыроймен қызмет атқарған. Шекарашы әкесінің әскери киім киіп, күн-түн демей ел тыныштығын күзетіп жүргенін көріп өскен Нұрсұлтан да сарбаз болуды армандайды. Сөйтіп, 2012 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Петропавл қаласындағы қазіргі Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі.

Н.Рахымбай қазіргі лауазымында 2022 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет етіп келеді. Ол қызмет ететін батальон түзеу мекемелерін қарауылдау, қадағалау және сотталған азаматтарды тасымалдау бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.

Н.Рахымбайдың айтуынша, түзету мекемелерін қарауылдау – күрделі әрі жауапты міндет. Түзету мекемелерінде жауынгерлік қызметті сарбаздар төрт ауысыммен үздіксіз атқаратын көрінеді. Қызметке түсетін әскерилер екі-үш күн бұрын тағайындалып, алдын ала теориялық сабақтар өткізіледі екен. Онда сарбаздар сақшының жалпы міндеттерін қайталап, алдағы жауынгерлік қызметті ой елегінен өткізеді. Мекемені күзететін күні сарбаздар тынығып, бір сағаттық нұсқаулық сабақтан өтеді, жауынгерлік қызметте орындайтын барлық іс-әрекеттерін шыңдайды.

Әріптесінің кәсіби біліктілігін 5513 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің офицері, майор Алтынбек Сарсимов та жоғары бағалап отыр.

Кейіпкеріміз өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ел қорғау жолындағы жауапкершілік пен адалдықты насихаттау ісінде де белсенді.

Реті келгенде айтса кетсек, қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылдың 10 қаңтарында басталған. Дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Заңға қол қойылып, бұрынғы Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұланның негізі қаланды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін құрылған құқықтық тәртіп әскерлерінің рөлі содан бері айқындала түсті. Таяуда ғана 10 қаңтар күні ҚР Ұлттық ұландары 33 жылдық мерейтойын атап өтті.

Кейіпкеріміз Нұрсұлтан Рахымбайдың туып-өскен Жуалы ауылы – «Генералдар елі» аталып кеткені мәлім. Оның бірден-бір себебі – осы бір аядай ауданнан 13 генералдың шыққаны. Батыр аталарының жолын жалғастырып, он екі жылдан бері әскери қызметте тер төгіп келе жатқан кейіпкеріміздің басты мақсаты – генерал атану.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ