Жекеменшік мектептегі жеткіншектер жетімнің күйін кешпесін
Тараздағы «A-Status» атты жекеменшік мектепте 7-8 жастағы баласын оқытатын бір көршіммен әңгіме үстінде «Асып-тасып бара жатқан байлығыңыз жоқ, жекеменшік мектепте балаға берілетін білім расында да жоғары ма?» деп сұрадым.
Ол: «Ұлымды мемлекеттік мектепке берсем, балам таңертең немесе түскі ауысымда оқыса да оған сабағына дейін де, сабақтан кейін де қарайтын адам жоқ. Біз кешке дейін жұмыстамыз. Айына 60 мың теңге төлеу арқылы баланы таңертеңнен кешке дейін сол жерде қалдырып жүрміз. Балам үй жұмысын да сол жерде орындайды, тамағы да сол төленген ақының ішінде. Жекеменшік мектепте мұғалімнің балаға көңіл бөлуге мүмкіндігі мол болғандықтан сабақ үлгерімі жақсы. Тек әр оқу жылында оқу құралдарымен қоса оқулықтарды өзіміздің сатып алатынымыз мені ойландырады. Мемлекеттік мектепте тегін үлестірілетін кітаптар неге жекеменшік мектеп оқушыларына берілмейді?» – деді.
Осыдан кейін «A-Status» мектебінің құрылтайшысы Сәуле Рысбаеваға хабарластық. Оның айтуынша, жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан әр балаға білім беруді жүзеге асырғаны үшін белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінеді екен. Ал ата-анадан алынатын 60 мың теңге балаға қосымша білім беру үшін төленетін ақы.
Бұл әр балаға ата-анасынан қосымша сабақ үшін ақы алып отырған жекеменшік мектептегі жағдай. Таразда ата-анадан баланы ақы алмай оқытып жатқан жекеменшік мектептер де бар. Соның бірі – «Бүркітәлі бастауыш мектебі». Оның құрылтайшысы Әлмахан Мәдібековтің айтуынша, бір топ жекеменшік мектептің басшылары көптен бері жекеменшік мектептегі оқушыларды тегін ыстық тамақпен және оқулықпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, барған жері, баспаған тауы қалмаған. Тиісті орындарға да хат жолдаған.
Балалар үшін оқулықты өз қаражатына сатып алып отырғандарын сөз еткен ол жеке мектептегі бастауыш сыныптарды тегін тамақпен қамтамасыз ету жайын да заңға сүйене отырып түсіндірді. Айтуынша, «Білім туралы» ҚР Заңы бойынша жергілікті атқарушы орган білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыруы тиіс. Өйткені Заңның 8-бабының 4-1-тармағында мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарының тамақтануына жұмсалатын шығыстарды толық немесе ішінара өтейтіні атап көрсетілген. Үкіметтің 2008 жылғы қаулысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау және есепке алу қағидалары бекітілген екен. Ол жан басына шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасында тұратын балаларға көмек, төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекті талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қатысты көрінеді.
«Бүркітәлі бастауыш мектебінің» құрылтайшысы Әлихан Бүркітәліұлының сөзінен ұққанымыз, мемлекеттік мектептерде балалардың тамақпен және оқулықтармен қамтамасыз етілуі заңмен бекітілген, алайда жекеменшік мектептер үшін бұл жағдай әлі де шешілмеген мәселе болып тұр. Жекеменшік мектептердің бала оқытуы – кәсіпкерлік қызмет. Бірақ олар тек білім беру ғана емес, балалардың дұрыс тамақтануын және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуін жүзеге асыру үшін жағдай жасалса, кәнеки? Жекеменшік мектептер өз қаражаты есебінен оқулықтарды жаңартатын болса, бұл шығындар оларға айтарлықтай әсер ететіні анық. Осы ретте біз мәселе қалай шешілетінін білмекке облыс әкімдігінің білім басқармасына қатынас хат жолдаған едік. Әзірге аталған басқарма үнсіз отыр.
Бір білетініміз, бұл түйткілдің түйіні облыс әкімдігінің және тиісті органдардың шешімдеріне қатысты тарқатылады. Егер облыс әкімдігі бұл мәселеге оң көзқараспен қарап, тиімді шешім қабылдаса, ата-аналардың да, мектеп басшыларының да алаңдаушылығы азаяр еді. Өйткені мемлекеттік қолдау жекеменшік мектептерді ұйымдастырудағы қиындықтарды жеңілдетіп қана қоймай, жалпы білім беру саласының сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені әрбір бала оқыған мектебіне қарамастан сапалы білім мен тиісті әлеуметтік қолдау алуға лайық. Бала жекеменшік мектепте оқығаны үшін қағажу көрмеуі керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ