Денсаулық

Аурудың алдын алу – ауырмаудың жолы

Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес орталығы жастар арасында түрлі іс-шараларды кеңінен ұйымдастыруда. Өткен жылы жастарға АИТВ/ЖИТС туралы толыққанды ақпарат беру, дерттің таралу жолдары мен алдын алу шаралары жайлы түсінік қалыптастыру және денсаулыққа қатысты саналы көзқарасты дамыту мақсатында 49 білім беру мекемесінде өткен іс-шараларға 3 932 студент пен оқушы қатысты.

АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Ауру иммундық жүйені әлсіретіп, түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсыласу қабілетін төмендетеді. ЖИТС – осы инфекцияның соңғы сатысы. Бүгінгі таңда бұл ауру бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан оның алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар әсіресе жастар арасында ерекше маңызды.

Өткен жылғы іс-шаралар барысында студенттер мен оқушыларға дәрістер, семинарлар мен ақпараттық сессиялар ұйымдастырылды. Медицина саласының мамандары инфекцияның таралу жолдары мен алдын алу тәсілдері жайлы жан-жақты түсіндіріп, жастардың сауалдарына жауап берді. Қатысушылардың дұрыс ақпарат алуына жағдай жасау үшін көрнекі құралдар, бейнемазмұндар мен ақпараттық бүктемелер қолданылды. Сонымен қатар еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, әрбір қатысушы өз ойын ашық білдіре алды. Мұндай тәсілдер жастардың сауатты ақпарат алып, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етті.

АИТВ/ЖИТС инфекциясы негізінен қан арқылы, жыныстық қатынас және анадан балаға берілу арқылы таралады. Осы мәселелер бойынша жастарды ақпараттандыру олардың қауіпсіздік шараларын сақтауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИТС-тың алдын алу үшін ерікті тестілеу, сақтану жолдарын білу, зиянды әдеттерден бас тарту секілді шаралар ерекше рөл атқарады.

Жастар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстары олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына, денсаулығына қамқорлық танытуына ықпал етіп қана қоймай, жауапты азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді. ЖИТС-ке қарсы ақпараттық науқанды биыл да жалғастыру жоспарлануда. Тараз қаласында ұйымдастырылған мұндай шаралар жастардың арасында денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыруда маңызды қадамдардың бірі.

Ақмарал ОМАРБЕКОВА,
облыстық жұқтырылған
иммун тапшылығы синдромының
алдын алу және онымен күрес жүргізу
орталығының баспасөз хатшысы