Денсаулық

Медицина жүйесінде мән беретін мәселелер аз емес

Қазақстан медицинасының даму жолы – халықтың денсаулығын қорғауға арналған мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл саладағы оң өзгерістер еліміздің азаматтарына қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетуге үлкен серпін беріп, денсаулық сақтау жүйесінің болашағына сенімділік ұялатуда. Мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлуі, осы бағытта ауқымды реформаларды жүзеге асыруы – қазақстандықтардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін арттырудың қамы.

Ашып айтсақ, елімізде жаңа медициналық мекемелер салынып, бұрынғы ескірген ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде. Соңғы жылдары өңірлерде ашылған көпсалалы ауруханалар мен емханалар халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беруде. Ауылдық жерлерде амбулаториялық пункттер мен фельдшерлік бекеттердің ашылуы, оларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жандануда. Бұл әсіресе шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізуде. Халық қалаулысы ретінде еліміздің шалғай ауылдарын жиі аралап, халқымен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Жұмыс сапарымен бірнеше күн Әулиеата өңірінде болып, халықтың жағдайымен жіті таныстым. Одан бөлек әр өңірге жасаған сапарларым барысында да ауылдық жерде жүйедегі жаңашылдықтың, жүйенің берген артықшылығын байқағанымды айта кеткім келеді. Бұрын құрал-жабдықтар мен ғимараттардың талапқа сай болмауы, білікті мамандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер көптеп кездесіп, ол тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне кері әсерін тигізуші еді. Қазір мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бұл жағдай біртіндеп түзеліп келеді.

Ауылдардағы медициналық қызмет сапасының артуы – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің тиімділігін көрсететін айқын мысал деп есептеймін. Сонымен қатар ауыл медицинасына қолдау әлі де қажет екенін аңғардым. Әсіресе кадр тапшылығы – маңызды мәселе. Білікті мамандарды ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынталандыру, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау – жүйенің тиімділігін арттырудың негізгі бағыттары екенін естен шығармаған жөн. Медицина саласындағы маман тапшылығын шешу мақсатында кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру бағытында жұмыстар жүргізіле беруі тиіс. Бұл тұрғыда елдегі медициналық университеттер халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту бағдарламаларын енгізіп, шетелдік тәжірибені пайдалануы өте орынды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін жас мамандарға көтермеақы, жоғары еңбекақы ұсыну, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты ынталандыру шаралары да жүйелі жалғасуы маңызды.

Негізі еліміздің медицина саласына заманауи технологиялар мен цифрландыру қарқынды түрде енгізіліп жатыр десек қателеспейміз. Қазіргі таңда медициналық қызметтердің бірыңғай электрондық базасы жұмыс істейді. Бұл дәрігерлер мен пациенттердің арасында тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жаңа жабдықтардың, оның ішінде компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу, лабораториялық диагностика құралдарының кеңінен қолданылуы диагностика мен емдеу сапасын едәуір жақсартуда.

Денсаулық сақтау саласында орын алған өзгерістің бір көрінісі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі. Бұл халықтың барлық топтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуде. Аталған жүйе табыс деңгейіне қарамастан әрбір азаматтың ем алуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге ықпалын тигізеді.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі азаматтардың денсаулығын қорғаудағы әлеуметтік әділеттіліктің айқын үлгісі десек болады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жалғасын тауып, халықтың өмір сүру сапасы жақсара береді деген сенімдемін. Десе де өзім медицина саласының маманы ретінде бірқатар өзекті мәселені тілге тиек етпекпін.

Ең алдымен, соңғы жылдары қалыптасқан саланың созылмалы түрде қаржыландырылмау тәжірибесін атап өткен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің кемінде 5-9 пайызын құрауы тиіс. Ал біздің елде бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 2,9 пайыз деңгейінде ғана тұр. Әрине, бұл жеткіліксіз. Сондықтан біз ішінара медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының көңіл көншітпейтін жағдайына тап болып жатырмыз. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі медициналық ұйымдарға шығындарды өтеу ережелерімен мәселені одан әрі күрделендіре түсуде. Бұл ережелер максималды үнемдеу механизмі арқылы жүзеге асырылады және ол медициналық ұйымдардың пайдасына шешіліп жатқан жоқ. Бұған қоса «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы бойынша, Қаржы министрлігі 15 жеңілдікті санатқа жататын 11,4 миллион азамат үшін ай сайынғы орташа жалақы мөлшерінен жарналарды төлеуге міндетті. Алайда іс жүзінде жарналар медиандық жалақы негізінде төленеді. Осы айырмашылықтың нәтижесінде қор жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаражатты ала алмай отыр. Өкінішке қарай, бұл мәселелерге тиісті орыннан жауап алынбады. Аудит нәтижелері де қазіргі таңда медициналық қызметтерге бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз қаржыландыру жағдайында тиімсіз әрі бейберекет жұмсалып жатқанын көрсетті. Атап айтқанда, бюджет қаражатының басым бөлігі қымбат оталар мен емдеуге бағытталады, ал бастапқы медициналық-санитарлық көмек пен алдын алу шаралары жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауда. Бұл негізгі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен қымбат тұратын процедураларды қамтамасыз етудегі тепе-теңдікті бұзуда. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кезінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артып, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы жақсарады деп күтілген болатын. Бірақ қазіргі таңда бұл үміттің толық ақталғанын және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігінің артқанын біржақты айту қиын.

Денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам еңбек өтілім болғандықтан медициналық қызметтер бойынша міндеттемелер мен қаржыландырудың айтарлықтай үйлеспей отырғанына тоқталғым келеді. Ашып айтсақ, медициналық ұйымдар екі оттың арасында қалды. Бұл бір жағынан, жоғары мінберлерден уәде етілген сапалы және уақытылы медициналық көмекті алуды талап ететін пациенттерге қатысты болса, екінші жағынан, аталған қор өзінің белгіленген шкаласымен, айлық қаржылық лимитімен және науқастар тарапынан шағымдар болмауы тиіс деген шартқа байланысты. Енді нақты айтқанда, қор медициналық қызметтердің санын шектейді. Сонымен қатар пациенттердің шағымдарына байланысты айыппұл салады. Мұндай жағдайда халықтың наразылығын қалай болдырмауға болады? Дәрігерлер қалай сапалы емдеу мен диагностика жүргізе алады?

Жұмыс барысында медициналық ұйымдар өз жоспарлары мен қызмет түрлері бойынша қаржы сомаларын түзету мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Яғни қаражат жеткілікті, бірақ сұраныс аз қызметтерден қаражатты пациенттер көбірек қажет ететін қызметтерге бағыттаған дұрыс. Алайда қор бұл ұсыныстарды қолдамаумен қатар, жағдайды жылдан-жылға қиындатып, қаржыландыруды өз қалауынша қызмет түрлері мен кіші түрлеріне бөліп тастайды. Мысалы, егер осы жылы антенаталды бақылауға бөлінген қаражат толығымен игерілмесе, келесі жылы қор бұл жоспардың орындалмайтынын біле тұра әдейі қаржыландыруды көбейтеді. Неге?! Өйткені бұл кейін сол қаражатты өзіне қайтарып алу үшін қажет. Сондай-ақ мысал үшін «Халық арасындағы жүктілік санын қалай жоспарлауға болады?» деген сұраққа жауап іздесек, мұндай қызметтер қор тарапынан нақты орындалғанына қарай, айлық жоспарға тәуелсіз төленуі керек. Қор мұны ескермеуі мүмкін емес.

Ал науқастарға байланысты ең көп сұранысқа ие және үнемі жоспардан асыра орындалып отыратын қызметтерге, мысалы, УДЗ зерттеулері, мамандардың кеңестері, қымбат зертханалық зерттеулер (ИФА), қаржыландыру көбеймей, керісінше, азаю үрдісі байқалуда. Сондай-ақ банктік шоттар бойынша қордың дивидендтер алу мәселесі де бар. Мәселен, 2023 жылы шамамен 113 миллиард теңге алынған. Бірақ бұл қаражат бюджетте еш жерде көрсетілмеген.

Медициналық қызметтердің төмен тарифтері қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесінде басты рөл атқарады. Біздің бірнеше рет жіберген депутаттық сауалдарымызға Денсаулық сақтау министрлігінен «тарифтер медициналық қызмет көрсетуге байланысты барлық шығындарды толық жабады» деген жауаптар келді. Алайда тарифтер бойынша есептеулердің калькуляциясын ұсыну туралы өтінішімізге әлі күнге дейін жауап алынбады. Нақты жағдай тарифтердің шығын деңгейіне мүлде сәйкес келмейтінін көрсетуде. Тарифтердің қалай есептелетіні туралы да нақты түсінік жоқ. Қолданыстағы тарифтер медициналық қызметтерге кететін барлық шығындарды жаба алмайды. Олар медициналық қызметтердің нақты шығындарын, коммуналдық және басқа да қызметтердің құнын, инфляцияны, ең бастысы, дәрігерлердің еңбегін ескермейді. Нәтижесінде дәрігерлердің еңбегі құнсызданып, интеллектуалды еңбек құндылығы мүлде жойылуда. Тарифтер нақты шығындармен, инфляция деңгейімен, амортизациямен және басқа да маңызды факторлармен есептелуі тиіс. Сонымен қатар тарифтер жыл басталғанға дейін бекітіліп, жылдың соңында төмендетілмеуі тиіс.

Медицина саласындағы баланс мәселесіне келсек, өкінішке қарай, қазір баланс жоқ деуге негіз бар. Мәселе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) қаржыландыруды бөлуде. Барлығы БМСК денсаулық сақтау жүйесінің негізі екенін түсінеді. БМСК-ның сапалы әрі тиімді жұмысы денсаулық сақтаудың көптеген саласына әсер етеді және ол басымдыққа ие болуы керек. Алайда жоғарыда айтылғандай, қаржыландыру тұрғысынан басымдықтар өзгеріп отырады.

Қазақстан – Алматы және Астана БМСК декларацияларының отаны екені белгілі. Бұл декларациялар БМСК-ны тұрақты денсаулық сақтау жүйесінің негізі деп жариялады. Бірақ өкінішке қарай, біз бұл талаптарды толық сақтай алмай отырмыз. Көптеген жыл бойы денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларда БМСК үлесін денсаулық сақтау бюджетінің 60 пайызына жеткізу жоспарланған болатын. Алайда шынайы өмірде біз не байқадық? Мысалы, өткен жылы БМСК үлесі 28 пайызды ғана құрады. Жоғары мінберлерден бұл көрсеткіш 40 пайыз деп айтылады, бірақ бұл жаңсақ. Өйткені бұл санға пациенттерге берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығындары да кіреді. Осы жылдың жоспарланған бюджетінде БМСК үлесі тек 18-20 пайызды құрады және оның қаржыландыруы тек 10 айға қарастырылған. Қалған 2 айға қаржыландыру бюджет нақтыланғаннан кейін ғана шешілмек. Бұл жағдайды қолайсыз деп санауға болады. БМСК-ны қаржыландыруды негізінде жыл сайын біртіндеп ұлғайтып, 60 пайызға жеткізуіміз қажет.

Егер БМСК тиімді жұмыс істемесе, жедел жәрдем қызметі мен тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларға шамадан тыс жүктеме артылады. Себебі азаматтардың денсаулығын жүйелі түрде бақылап, аурулардың асқынуы мен кеш сатыларына жол бермеуге арналған БМСК жүйелі түрде жеткіліксіз қаржыландырудың кесірінен өз жұмысын толық атқара алмауда. Мен осы ретте жартылай қор ұстауды толығымен қолдайтынымды айтқым келеді.

«Саламатты Қазақстан» және басқа да бағдарламаларда біз осы бағытта әрекет етуіміз керек деп жоспарланған болатын. 2019 жылға қарай толық қор ұстау жүйесіне көшу көзделді, яғни емханалар амбулаториялық-емханалық қызметтер, стационарлар және жедел жәрдем қызметтерінің шығындарын өздері есептейді деп болжанған еді. Алайда салада басшылық ауысқан сайын басымдықтар, көзқарастар мен тәсілдер өзгеруде.

Қазіргі жағдайды күрт өзгерту қажет. Өйткені қолданыстағы жүйе терапевтер мен жалпы тәжірибелік дәрігерлерді диспетчерге айналдырып, пациенттер үшін шексіз кезектер мен жедел жәрдем мен стационарлардың шамадан тыс жүктемесін тудырып, нәтижесінде халықтың наразылығын тудыруда. Бұл наразылық өз кезегінде медицина қызметкерлеріне әсер етеді. Ал медициналық ұйымдардың басшылары экономистерге айналып, бітпейтін шағымдармен жұмыс істеуге мәжбүр. Жартылай қор ұстауды енгізу тек БМСК жүйесінде ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласына революция жасар еді. Сонымен қатар пилоттық жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік медициналық ұйымдармен қатар, денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторын да тарту қажет. Бұл жағдайда шынайы нәтижелерге қол жеткізуге болар еді.

Мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуінің тетігі ретінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) қалыпты нұсқа болып саналады. Бірақ мұндағы басты мәселе – жобалардың құны әсіресе құрылыс жобаларына қатысты. Осы мәселелерді бірнеше рет Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне жеткіздік. Бірақ нақты жауап қайтарылған жоқ.

Жалпы бюджет қаражаты есебінен құрылыс құнын арттыру тәжірибесі кең таралған. Мұндай үрдіс мердігердің құрылыс жұмыстарын тоқтатып, құнын арттыру туралы өтінім беруі жағдайында байқалады. Бұл миллиардтаған бюджеттік қаражатты қажет етеді. Ең сорақысы, өтінімдердің көпшілігі қолдау табады. Айта кету ләзім, неге екені белгісіз, тек құрылыс саласында ғана жобалардың қымбаттау ұғымы бар және бюджет тапшылығы жағдайында қосымша қаржыландыру бөлінеді. Мердігер тендерге өтінім бере отырып, барлық тәуекелдерді алдын ала есептеуі қажет. Ал мемлекет бастапқы құнын арттырмауы керек, мердігер нақты міндеттемелерді өз мойнына алып және оларды орындауы тиіс. Өңірлерге жасаған жұмыс сапарым барысында құрылыс нысандарына барғанда осы мәселелер алдымнан жиі кездесті. Сонымен қатар медициналық жабдықтарды сатып алу мәселесі де өзекті. Бұл тұрғыда мемлекеттік және жеке компаниялардың сатып алу бағаларын салыстыру жеткілікті.

Тағы бір айта кетер жайт, қазіргі уақыт денсаулық сақтау саласында салықтарды енгізуге қолайлы кезең емес. Қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты медициналық ұйымдардың, әсіресе жекеменшік медициналық ұйымдардың жағдайы ауыр. Олар нарықта мемлекеттік сектормен тең емес бәсекелестік жағдайында жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде кейбір кәсіпкерлер банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл салықтар тарифтер мен бюджетте қарастырылмаған.

Сонымен қатар «СК-Фармация» дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуде панацея емес. Бұрын онсыз да жұмыс істеп келгенбіз және ол жаман болған жоқ. Бұл салада жиналған мәселелер өте көп. Фармацевтикалық бизнес әлемдегі ең табысты төрт саланың қатарына кіреді. Сондықтан мұнда үлкен мүдделер бар екені түсінікті. Белгілі бір лоббидің ықпалы сезіледі. Керісінше, цифрландыруға баса назар аудару қажет. Цифрландыру саласындағы сарапшылар жақында Польшаның тәжірибесімен бөлісті. Оларда 2020 жылға дейін біздің қазіргі жағдайымызға ұқсас жағдай болған. Анығы, қаражат жетпеді, денсаулық сақтау саласында көптеген проблема болды. Процесті цифрландырғаннан кейін дәрілік заттардың екі рет айналымын көрсетті. Егер есеп жүргізуді реттеп, түпкілікті тұтынушыға дейін барлығын ашық етсе, меніңше, айтарлықтай қаржылық ресурстар босатылатын еді.

Президент импортқа тәуелді болмау үшін отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту міндетін үнемі алға тартып келеді. Бірақ тағы бір маңызды мәселе бар – тегін қамтамасыз ету аясында сатып алынатын дәрілік заттардың сапасы. Көп жағдайда науқастар бұл сапаға қанағаттанбайды. Бұл жерде қызметті монетизациялауды немесе бірлескен төлемді қарастыруға болады деп ойлаймын.

Сонымен қатар жоғарыда сөз еткенімдей, ауылдық медицинаға қолдау көрсету, кадр тапшылығын жою, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бағытында жұмыстарды жалғастыра беру қажет. Сонымен бірге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасын арттыру, отандық фармацевтика өндірісін дамыту да басты міндеттердің бірі болуы қажет. Міне, медицина саласындағы өзім білетін жетістіктер мен өзекті мәселелердің бір парасы осы.

Дегенмен аталған салада жылдан-жылға өрлеу бар. Алдағы уақытта да медицина саласын қолдау мен дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Қазіргі жетістіктер мен кемшіліктерді екшеп, одан нәтиже шығарып, мүдделі органдар нақты мақсатта тізе қоса қимылдасақ, тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, олардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік мол.

Гүлдара НҰРЫМОВА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты