Кәсіп

Үлгілілік кәсіпкер көпке үлгі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. «Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек», деді Президентіміз жылдың алғашқы күндері өзінің «Аna tili» газетіне берген сұхбатында.

Расында  да уақытпен санаспай еңбек етіп, көпке үлгі болып жүрген жұмысшылар аз емес. Ал ондай азаматтар қашанда құрметке лайық. Сондай азаматтардың бірі Рүстем Мейірханов Үлгілі ауылында тұрады. Ол «Рүстем» жеке кәсіпкерлігін ашып, ауылдағы жұмыссыз жүрген 3 азаматты жұмысқа тартып отыр.

Қазір қай жерде де ауыл, аула тазалығына, көріктендіру, көгеріштендіру, безендіруге аса мән берілуде. Міне, мұны жете түсінген ауыл тұрғыны өз ауылының таза болуын ерте бастан ойлап, үш жылдан бері ауыл азаматтарының тұрмыстық қалдықтарын шығарумен айналысып келеді.

Үлгілі ауылындағы 17 көшеде 512 отбасы болса, онда 3 500-дей халық тұрады. Рүстем тракторшы Бақыт Бекмағанбетов және жұмысшылары Қанат, Руслан Жұмалиевтермен бірге аптасына ауылдағы 17 көшені бір күнде аралап, әрбір үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды қоқыс алаңына шығарып, халықтың алғысына бөленуде.

Өткен жылы елімізде «Таза Қазақстан» республикалық-экологиялық акциясы аясында тазалық, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілді. Облыс көлемінде ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» конкурсының қорытындысы бойынша Кеңес ауылы жеңімпаз атанып, облыс әкімінің сыйақысына ие болған еді.

Ынтымағы жарасқан үлгіліліктер де ауылды таза ұстап, көріктендіріп, безендіріп алдағы конкурстарда жеңімпаз атануды көздеп отыр. Ал бұған кәсіпкер Рүстем Мейірханов жетекшілік ететін жеке кәсіпкерлік  мүшелері де өз үлестерін қосатын болады.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист
Байзақ ауданы