Полиция қызметкері боламын десеңіз...
Қазір қыз-жігіттердің көбі ішкі істер органдарына жұмысқа тұрып, еліне қызмет етуді қалайды. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Тараз қаласы полиция бөлімі тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдар Жуандықовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда спикер кадр саясаты мәселелері және жұмысқа қабылдау тәртібі туралы баяндады.
Айдар Бақытұлының айтуынша, құқық қорғау саласында қызмет етуге 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Бір ескерерлігі, жас маманның құқықтану және педагогикалық бағыттағы мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білімі болуы міндет. Сондай-ақ Қарулы Күштерде әскери қызмет өткерген ерлер үшін бойы 170 сантиметр, ал әйелдер үшін 160 сантиметрден төмен болмауы қажет.
Айдар Бақытұлының сөзіне сүйенсек, полицейлерді мемлекет тарапынан толық материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үйді жалға алу үшін төлемдер белгіленіп, лайықты жалақы төлеу секілді істі кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Еңбек сіңірген жылдары, яғни 25 жыл өткеннен кейін немесе шекті жасқа жеткенде ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған.