Кітап оқу адамды кемел ойға жетелейді
«Кітапты тек зиялы қауым өкілдері оқиды» деу – жаңсақ пікір. Біздіңше, кез келген адамзат баласы рухани кемелдену үшін ұдайы газет-журнал не болмаса кітапты үзбей оқып тұруы керек.
Жасыратын несі бар, әлеуметтік желінің айдарынан жел есіп тұрған шақта газет-журналдар немесе кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қиын да шығар. Бірақ біз бір мәселені ұмытпауымыз қажет. Кітап оқу – адамды кемел ойға жетелейді. Осы пайымның үдесінен шығу жолында жазиралы Жамбыл жерінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен игі жоба қолға алынып, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталды.
Өткен аптада жарқын жобаны қолдау мақсатында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен мәдени іс-шара өтті. Іс-шараға жерлестеріміз, яғни Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі, ақын, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, журналист, республикалық «Жас Алаш» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, ақын, республикалық «Еgemen Qazaqstan» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Іс-шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң мәдени іс-шараға арнайы шақырылған ақындар – Шырын Мамасерікова, Хамит Есаман және Табиғат Абаилдаев сахнаға көтеріліп, бастаманың мақсаты мен мүддесі төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
Басқосуда аудандық кітапхананың кітапханашылары Айымжан Сәлімжан Хамит Есаманның «Серт», Лаура Молдағұланова Шырын Мамасерікованың «Құланым – атамекенім», Аида Мұқаналиева Кәріпжан Нүсіптің «Өмірімнің жазы едің», Сандуғаш Егембердиева Қуандық Шолақтың «Өзіңді оқып» өлеңдерін жатқа оқыды. Одан соң аудандық орталық кітапхананың оқырмандары Жансай Тұғылшиева Әдібай Табылдының «Атыңнан айналайын – Тәуелсіздік!», Жұлдыз Бейсенбай Совет Әлімқұловтың «Бала ерлігі», Нұрсана Әбілқасым Хамит Есаманның «Бақыт», Айнұр Нұрбек Табиғат Абаилдаевтың «Армандарым кетерде жарға құлап...» деген өлеңдерін нақышына келтіре оқып, залда отырған кітапсүйер көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Марат Диханбай,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы