Адал еңбектің әділ бағасы
Облыстық көпбейінді ауруханада белгілі хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековтың 75 жасқа толу мерейтойына арналған кең көлемді конференция өтті. Іс-шара барысында ғалымның медицина саласындағы теңдессіз еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы хирургияның дамуына зор үлес қосқан профессорға жиналған көпшілік ыстық ілтипаттарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев пен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова Сағындық Ордабекұлының кәсіби жолы мен тұлғалық қасиеттеріне жоғары баға беріп, сый-сыяпат табыстады.
Конференцияда медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтхан Жошыбаев сөз сөйлеп, Сағындық Ордабековті мерейтойымен құттықтады. Ол профессордың кәсіби қызметі ғана емес, шәкірттері мен әріптестеріне көрсеткен ықпалы үшін де зор құрметке лайық екенін атап өтті.
Сонымен қатар профессордың әріптестері, шәкірттері және жақын достары құттықтау сөздерін жеткізіп, оның медицинадағы жетістіктерімен қатар журналистикаға деген сүйіспеншілігін, шығармашылық ізденістері мен қаламгерлік қабілетін де жоғары бағалады.
Шара барысында Сағындық Ордабековке шапан жабылып, төсбелгі табысталды. Бұл оның медицина саласына сіңірген еңбегі мен адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалаудың жарқын көрінісі болды.
Мерейтой – ұлы дәрігердің өміріндегі маңызды белес қана емес, сондай-ақ медицинаның дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсетудің ерекше күні ретінде есте қалды.
«AR-AI»-ақпарат