Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты,деп хабарлайды arainfo.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келді.
Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті.
Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді.
Бұдан соң Президент көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады.
Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.