Жаңалықтар

Таразда сайлау учаскелерінің саны артып, жаңа округтер қосылды

Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қала активімен кездесуі өтті,деп хабарлайды arainfo.kz.

Тараз қаласының Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қала активімен кездесуі өтті. Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері және сайлау процесіне қатысты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға қойылған міндеттерді баяндады. Ол Тараз қаласында 27 бірмандаттық сайлау округі және 135 сайлау учаскесі бар екенін атап өтті. Осыған қоса, қала әкімінің шешімімен бір жаңа сайлау учаскесі құрылып, 40 сайлау учаскесінің шекарасы өзгертілді. Сонымен қатар, қала аумағына Байзақ ауданынан 4 сайлау учаскесі мен №7, №8 сайлау округтері, Жамбыл ауданынан 11 сайлау учаскесі мен №10, №12 аралас сайлау округтері қосылып отыр. Нәтижесінде, аталған екі ауданнан қосылған 14 елді мекендегі 15 сайлау учаскесінде 28 727 сайлаушы мен 117 комиссия мүшесі қала аумағына өтетін болады.

Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов өз сөзінде жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылына кеңінен тоқталды. Ол қала әкімдігі сайлауды ұйымдастыру және өткізу шараларына толық қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Сайлаушылар санының артуына байланысты «Ұлы Дала» (15), «Құмшағал» шағын аудандары мен «Қант зауыты» тұрғын алқабынан 3 жаңа сайлау учаскесі ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар, 2024 жылдың IV тоқсанынан бастап сайлаушылар тізімінің өзектілігін қамтамасыз ету мақсатында «iKomekshi» ақпараттық жүйесі енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жиынды қорытындылай келе, Серғали Айдапкелов Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өткен жылғы жетістіктерін атап, алдағы міндеттерді орындау бойынша мақсаттар мен жоспарлар әлі де ауқымды екенін атап өтті.