Қоғам

«Жастардың ауылдан қашатыны қынжылтады»

«Жастардың ауылдан қашатыны қынжылтады»

Елдің рухани дамуы мен кемелденуінде мәдениет саласының маңызы зор екені мәлім. Құлақтан кіріп, бойды алар тәтті ән мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, мәдениет үйлері мәдениет деген ортақ ұғым аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Аудандағы Мәдениет үйі соңғы жылдары қандай жаңалықтар мен жетістіктерге жетті? Қандай ілкімді істер қолға алынды? Қоғам және мемлекет қайраткері, Меркіден шыққан марғасқа Асанбай Асқаровтың мерейтойы қалай өтті? Осы мақсатта Меркі аудандық мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаевпен сұхбаттастық.

– Нұржан Бейсенбайұлы, мәдениет пен өнердің де адам өмірінде алар орны айрықша ғой. Ендеше, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған қызметтен бастасақ. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы мәдениет саласына оң көзқарас танытып, жыл сайын мәдениет қызметкерлерінің еңбек жалақысын көтеру мәселесін қолға алған болатын. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мәдениет саласы қызметкерлеріне деген ықылас күн санап артып келеді. Мен басшылық етіп отырған «Орталықтандырылған мәдениет үйлер және клубтар жүйесі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарасты ауылдық мәдениет үйлер мен ауылдық клубтар халық игілігі үшін қызмет көрсетуде. Аталмыш мәдениет ошақтары Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған мемлекеттік бағдарламалар негізінде жылдық жоспар құрып, соған сәйкес халыққа мәдени-тынығу қызметтерін ұсынып келеді. – Ауданға қарасты мәдениет ошақтары туралы айта кетсеңіз... – Бүгінгі таңда ауданға қарасты 44 елді мекеннің 19-ында мәдениет ошағы бар. Оның ішінде 16-сы тиіптік ғимаратта орналасқан ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар болса, 3 ыңғайластырылған мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетуде. Алдағы 3 жылда аудан көлемінде 6 мәдениет ошағы салынбақ. Сонымен қатар ауылдық клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жоспарға сәйкес бірқатар жүйелі істер жүзеге асырылуда. Ауданымыздағы барлық мәдениет үйлері мен клубтар заман талабына сай интернет жүйесімен және табиғи газбен қамтамасыз етілген. – Жалпы, ауданда мәдениет үйлерінің қызмет сапасын жақсартуда қандай іс-шаралар атқарылуда? – Аудандық мәдениет үйлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында көптеген шара жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлмесі ауылдық жерлерде өтетін мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға әдістемелік көмек көрсетіп, жыл сайын өтетін атаулы мерекелерді тойлауға байланысты жоспарды жүйелеуге атсалысады. Сонымен қатар ауылдық клуб мекемелерінде ұйымдастырылған балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің қызмет сапасын жақсартуға, олардың жүйелі жұмыс істеуіне көмектеседі. Ауылдық клуб қызметкерлерімен бірге тақырыптық шаралар, балалар мен ересектерге арналған өнер керуені жиі ұйымдастырылып тұрады. Онда клуб қызметкерлері мен өнерпаздар бірігіп, әр ауылдың тұрғындарына арнап, мерекелік бағдарламаларын ұсынады. – Жас мамандар тарту жағы қалай жүріп жатыр? Қызметке жаңадан орналасқан жастардың ұжыммен, оқушылармен жұмыс істеу белсенділігі қалай? – Аудандық мәдениет үйінде бүгінгі таңға дейін алты жас маман бір реттік көтерме жәрдемақы алса, үш маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. «Жас келсе – іске» деп халық бекер айтпаған ғой, соңғы жаңа технологияларды тез меңгеретін, креативті жастармен жұмыс істеу, әрине, жеңілірек. Дегенмен ауылдық жерге келіп, еңбек ететін мәдениет саласы мамандарының тапшылығы білінеді. Яғни, көпшілік жастардың қаладан бақыт іздеп, ауылда қалғысы келмейтіндері қынжылтады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, біздің қазақтың қай-қайсысын алсақ та өнерлі. Дегенмен соны ұйымдастырып, одан әрі дамытып, халықтың алдына шығару – мәдениет саласындағы қызметкерлеріміздің орасан еңбегі деп білемін. – Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы өзі туып-өскен ауылда қалай аталып өтті? Қандай мәдени іс-шаралар көпшілік назарына ұсынылды? Мерейтойда қонақтар келелі ой айтты. Ақындар қаншама өлеңдер толғады. Соны аудан тұрғындары, оқушылар бір керегіне асыру керек қой, оған жоспарларыңыз бар ма? – Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, 4 рет Ленин орденінің, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, ақын, жерлесіміз Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай Меркі ауданында көптеген ауқымды іс-шара өтті. Үстіміздегі жылдың 10-11 қыркүйек күндері ақынның туған жері Тәтті ауылдық округінің «Көк төбе» атшабарында ат шаптырылып, ас берілді. 10 қыркүйекте көкпардан іріктеу өтсе, 11 қыркүйек күні мерейтойдың ашылу салтанаты өтті. «Тұранның тұлпар текті ұлы» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, облысымызға танымал өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен аудан тұрғындары мерейтой қарсаңында тігілген қазақ үйлерден ас ішіп, спорттық жарыстарды тамашалады. 14-15 қыркүйек күндері аудандық мәдениет үйінде «Алаштың арда туған Асанбайы!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысына республикамыздың әр өңірінен 22 ақын, яғни 11 жұп қатысты. Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұров, маңғыстаулық ақын Нұрлан Мұсаев, Түркістан шахарынан Дәурен Ақсақалов, шырайлы Шымкенттен Аян Ниязбеков, қарағандылық ақын Ботагөз Мұхиддинова, сонымен қатар республикамызға танымал облыстық және жергілікті ақындар айтыстың алғашқы күнінде бақ сынасып, ақтық сынға 8 ақын, яғни 4 жұп өтті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Қазылар алқасы шешім шығарғанша көрермендерге аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. 15 қыркүйек күні Асанбай Асқаров ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Онда А.Асқаров басқарған еліміздің үш облысынан келген және аудандық мекемелер атынан гүл шоқтары қойылып, ескерткішке тағзым етілді. Сол күні №1 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясына Асанбай Асқаровтың есімі салтанатты түрде беріліп, мектеп ішіне қойылған асқақ тұлғаның бюстінің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар аталмыш мектепте «Туған жердің туын биіктеткен тұлға» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар өз зерттеулерін ортаға салды. 15 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жамбыл облыстық драма театры әртістерінің қатысуымен Мархабат Байғұттың «Асанбайдың аққайыңдары» драмалық қойылымы қойылды. Осы күні түскі аста «Көк көл» мейрамханасында өзге облыстардан келген делегаттар мен ауданның зиялы қауым өкілдеріне Асанбай Асқаровтың рухына бағыштап ас берілді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА