Кәсіп

Пандемия кезінде басталған пайдалы бизнес

Қазақ халқы бағзы заманнан бері төрт түлік малды және одан алынатын өнімдерді аса жоғары бағалаған. Әсіресе жылқы біз үшін ең құнды жануар. Алғаш жылқыны қолға үйреткендер қазақ жерін мекендеген ботайлықтар болғандықтан жылқы мен қазақтың арасында ерекше байланыс бар. Сондықтан жылқының еті де, сүті де қазақтың ағзасына жұғымды. Қазақ халқы жылқының сүті мен одан дайындалатын қымыздың шипалы сусын екенін де ежелден білген.

Саумал – биенің жаңадан сауылған сүті, ал қымыз – ашыту арқылы дайындалатын табиғи сусын. Бұл өнімдер адам ағзасын қажетті дәрумендермен қамтамасыз етіп, асқорыту жүйесін жақсартады, иммунитетті нығайтады. Қазіргі таңда бұл ұлттық сусын тек пайдалы азық қана емес, кәсіптің бір түрі.

Менің анам бірнеше жылдан бері бие байлап, саумал мен қымыз дайындайтын жеке кәсібін жүргізіп келе жатыр. Анам бұл кәсібін коронавирус өршіп тұрған кезде, яғни 2019 жылдары бастаған болатын. Ол бастапқыда саумал мен қымыз сату арқылы кәсіппен айналысуды ойлаған жоқ. Анам үйде отырған соң және әлемде аты жаман вирустың өршіп жатқанын ескеріп, ауылдан құлынды бие алдыртқан болатын. Бастапқыда саумал мен қымыз отбасы үшін пайдаға жаратылса, кейін әкем екеуі ақылдаса келе, қымыз сатуды қолға алатын болып шешті. Анам кәсібін пандемия кезінде бастағандықтан тұтынушылар бірден табылды. Алғашқы тұтынушылары көршілер мен туысқандар болса, кейіннен өзгелерден естіп келетіндердің де қарасы көбейді. Міне, анам сол кезде бастаған кәсібін осы күнге дейін дөңгелетіп келеді.

Бие сауу – оңай жұмыс емес. Бұл үлкен жауапкершілік пен күнделікті еңбекті талап ететін іс. Екі сағат сайын сауын уақыты келіп тұратындықтан кейде анама сыртқа шығуға мүмкіндік болмайды. Атап айтқанда, биелерді күтіп-баптау, сүтті белгілі уақыт сайын сауып отыру, оны дұрыс сақтау, қымыз дайындау – барлығы тынымсыз жұмысты қажет етеді. Әрине, анама барлығымыз көмек беруге тырысамыз. Әкем жылқының жемшөбін береді, түнде тұрып, бие мен құлындарды ажыратады. Ал біз күбі пісетінбіз, алайда қазір электронды күбі алып, анамның жұмысы біршама жеңілдеді.

Соңғы уақытта адамдар табиғи әрі экологиялық таза өнімдерді іздей бастады. Саумал мен қымыз – осындай сұранысты қанағаттандыратын ерекше сусындар. Анам бұл сусындарды дайындау барысында ешқандай қоспасыз, табиғи әдістерді қолданады. Сондықтан анамның тұрақты тұтынушылары көп. Көбі қарт адамдар және созылмалы аурумен ауыратындар.

Бұл кәсіп табыс көзі ғана емес, қазақтың ұлттық дәстүрін сақтау мен дәріптеудің бір жолы. Өйткені бие сауып, қымыз дайындау – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мұрасы. Анамның адал еңбегі мен табандылығы тек отбасымызға ғана емес, тұтынушыларға да пайда әкеліп отыр. Бұл мақала арқылы мен анамның еңбегін дәріптеп, саумал мен қымыздың қасиетін көпшілікке насихаттағым келеді.

Ұлжан БИДӘУЛЕТ,
№54 орта мектептің
11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы