Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов ұлттық ұлан сарбаздарымен кездесті

Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде ерекше шара өтті. Париж Олимпиадасының чемпионы, еліміздің мақтанышы Елдос Сметов құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздарымен жүздесті.

Бұл кездесуге Елдос Сметовпен бірге оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев және Жамбыл облысы «Динамо» спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің орынбасары Жомарт Ысқақ та қатысты.

Еркін форматтағы жиында даңқты дзюдошымыз өзінің спорт саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Кездесу әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор болды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының әскери қызметшісі майор Елдос Сметов ұландықтарға өзінің спорттық мансабының бастауынан бүгінгі жеңістеріне дейінгі қызықты жолын баяндап берді. Ол жеңіске жетудің негізгі қағидаттары – тәртіп, еңбекқорлық және табандылық екенін ерекше атап өтті.

Шара барысында Олимпиада чемпионы дзюдо спортындағы ерекше әдіс-тәсілдерін көрсетті. Жас ұландар чемпионның әрбір қимылын мұқият бақылап, спортқа деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды. Сонымен қатар, сарбаздар чемпионға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оның кеңестерін тыңдады.

Кездесуде бапкер Ғалымжан Жылгелдиев те сөз сөйлеп, Елдостың жеңіске жету жолындағы ерен еңбегі мен ынтасын ерекше атап өтті.

Ал Жомарт Ысқақ спорт пен тәртіптің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы айтып, жас ұландарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған мұндай іс-шаралардың рөлі зор екенін жеткізді.

Кездесу соңында қонақтарға арнайы алғыс хат табысталып, сый құрмет көрсетілді. Сарбаздар чемпионмен естелік суретке түсіп, оның қолтаңбасын алды. Бұл кездесу олардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. Елдос Сметовтің өмір жолы мен жетістіктері жас сарбаздарға үлкен шабыт беріп, оларды болашақта еліміздің намысын қорғауға жаңа серпін сыйлағаны анық.

Айта кетсек, Париждегі Олимпиадаға дейін майор Сметовтың Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиада  күміс  және 2020 жылы Токиода қола екі Олимпиада медалі болған.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік

қолбасшылығының баспасөз қызметі