Еңбек адамының еңсесі биік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деген болатын.
Иә, Президентіміз атап өткендей, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан да өскелең ұрпақ арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, мәртебесін көтеруге, еңбек адамдарын насихаттауға газет арқылы үлес қоспақ ниетте «Ер дәулеті – еңбек» атты жаңа айдарымыз оқырманға жол тартты. Айдарымыздың алғашқы кейіпкерлері – такси жүргізушісі Айнұр Нұридинова мен қарапайым көше сыпырушы Бақыт Құрманбеков.
Қазіргі таңда әйел адамның көлік жүргізуі таңсық болмай қалды. Дейтұрғанмен халыққа такси қызметін ұсынып, отбасын асырап отырған А.Нұридинованың көп қыз-келіншектің қолынан келе бермейтін кәсібі бізді қызықтырып, әңгімеге тарттық.
Қала тазалығын қамтамасыз ететін көше сыпырушылардың еңбегі ерекше. Сол себепті жұмысына жауапты, өз ісіне тиянақты жас жұмысшыны іздеп, «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне хабарластық. Мекеме басшысының орынбасары Айдын Бейсеков кезекші бригаданың ішінен ісіне тиянақты, көп сөзге жоқ, біртоға азаматты ұсынды.
Бақыт Құрманбеков – қарапайым көше сыпырушы. Ол ешқашан өз еңбегінен ұялған емес, нанын адалынан тауып жүр. Әзірге отбасын құрмаған. 1990 жылғы азамат басын екеу етуді де ойлайды.
Көше сыпырушының еңбегін бағалау – мәдениетті қоғамның белгісі. Олар біздің қаламыздың тазалығы мен әдемілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосады. Сондықтан олардың еңбегіне құрметпен қарап, өзіміз де тазалықты сақтауымыз қажет.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА