Денсаулық

Біздің сүйікті дәрігер

Есімі тек облысымызға ғана емес, республикаға танымал ғалым-дәрігер, жерлесіміз Сағындық Ордабеков 12 қаңтар күні 75 жасқа толады.

Сағындық Ордабекұлы 1950 жылы Сарысу ауданының Үшбас ауылында дүниеге келген. Жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жамбыл облысы мен Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Медицина саласындағы еңбек жолын Алматы медицина институтында оқи жүріп, 4-курстан Алматы қалалық №2 клиникалық ауруханасында орта буын медицина қызметкері (медбрат) болып бастаған. 1975 жылы «Дәрігер-хирург» мамандығы бойынша емдеу факультетін үздік тәмамдаған.

Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер-хирург, Жамбыл қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары және 20 жылға жуық облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі қызметін атқарды. Негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп, 1987 жылы Мәскеуде «Бауыр эхинококкозы және оның хирургиялық емі» тақырыбында кандидаттық, 1997 жылы академик-хирург М.Әлиевтің жетекшілігімен «Ішкі ағзаларының асқынған эхинококкозының хирургиялық емдеу тәсілдері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап шықты.

1988 жылы Тараз қаласында эхинококкоз ауруын зерттейтін республикалық ғылыми орталық ашты. 1998 жылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Биология» кафедрасының, 2007 жылдан бастап С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Интернатура» кафедрасының профессоры, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінде оқытушы қызметін негізгі жұмысымен қатар алып жүр.

Сағындық Ордабекұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты – іш қуысы органдарында болатын экинококкоз ауруын хирургиялық емдеу мәселелері және өт жолдары мен бауыр хирургиясы. Ғалым 400-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 9 монографияның, 18 оқулықтың, 4 патенттің және 12 өнертабыстық ұсыныстың авторы. Оның жетекшілігімен 5 кандидаттық, 16 магистрлік диссертация қорғалды. Дайындаған дарынды шәкірттері облысымызбен қатар еліміздің әр өңіріндегі емдеу орындарында қажырлы еңбек етуде. Шәкірттерінің ұстаздарына деген құрметі ерекше. Онымен сыйласып, араласатын белгілі дәрігер, ғалым-профессорлар еліміздің әр өңірінен табылады. Олармен әр кез ой-пікір бөлісіп, медицинада болып жатқан жаңалықтар мен технологияларды практикаға енгізуді әдетке айналдырған.

Сағындық аға қашан көрсең де сырбаз да салиқалы мінезімен, салмақты да ойлы әңгімесімен, зерделілігімен баурап алады. Ешқашан асып-таспайды, үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор. Осындай өмірден көргені мен біліп-түйгені мол зерделі кісілермен ой бөлісу де жанның бір рақаты, тіпті кейде жандүниеңді баурап алады, рухыңды кемелдендіріп, мағыналы кездесуге іштей марқаясың. Хакім Абайдың «Естілердің сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабековтің проблемалық мақалалары, суреттемелері мен эсселері облыстық, республикалық БАҚ-та тұрақты жарияланып тұрады. Сонымен қатар бірнеше әдеби кітаптың авторы («Көкіректегі күмбірлер», «Іште қалған сөз де жетім», «Беймаза дүние», «Әріптестер әлемі», «Мың құбылған тіршілік», «Көсегенің Көкжоны», «Ойтолқын» және тағы да басқа). Оның қаламынан туған оқу құралдары («Валеология», «Паразитология негіздері», «Теориялық биология», «Оқушылардың физиологиялық дамуы және гигиенасы», «Радиобиология», «Жасуша биологиясы» және тағы да басқа) еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерге дәріс беруде кең қолданылуда.

«Берекені көктен тілеме, еткен еңбекпен тіле» деген ұлы Абайдың қанатты сөзіне сәйкес Сағындық Ордабековтің еңбектегі табыстары мен адал қызметі «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан хирургиясын дамытуға қосқан еңбегі үшін», «Авицена», «Академик М.Әлиев» төсбелгілерімен, мемлекеттік, мерекелік бірнеше медальмен және Құрмет грамоталарымен аталып өтілген. 2020 жылдың қорытындысымен С.Ордабеков еліміздің ең үздік «Жыл дәрігері» болып, «Алтын адам» атағына ие болды. Сағындық әріптесіміз республикалық «Денсаулық», «Ординатор», «Қазақстан хирургиясы» журналдарының редакция алқасының белсенді мүшесі. Еліміздің басқа өңірлерінде табысты еңбек етіп жүрген белгілі ғалым-дәрігерлермен байланыс орнатып, профессор, көрнекті кардиохирург Сейтхан Жошыбаевпен бірлесе «Әулиеата денсаулық сақтау ісінің хабаршысы» атты республикалық журнал шығаруды қолға алды.

Әке жолын қуған ұлы Ербол Сағындықұлы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, дәрігер-хирург. Тараз қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары. Немерелері Әлімжан мен Әзімхан Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін озат бітіріп, екеуі де Астана медициналық университетінде білім алуда. Келешекте олар ата жолын қуып, дәрігер болуды мақсат етіп жүр. Қызы Айнұр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Мамандығы – заңгер. Алматы қаласында еңбек етуде. Келіні Фируза Ниязәлиева да дәрігер. Тараз қаласындағы облыстық СПИД-пен күресу және алдын алу орталығында бөлімше меңгерушісі.

Әрдайым ізденісте жүретін ғалым-дәрігердің халықаралық және республикалық конференцияларда жасаған тартымды баяндамалары, айтқан пікірлері көпшілікті қызықтырады, тың ойларға жетелейді. Оның қаламынан туған монографиялары мен оқу құралдары әріптестері мен студенттер арасында әрдайым сұранысқа ие. Сан түрлі тақырыпқа қалам тербеген Сағындық Ордабекұлының еліміздің, облысымыздың қаламгерлері, мәдениет қайраткерлері, өлке тарихы туралы жазған көптеген танымдық мақалалары мен эсселері өз алдына бір төбе. Дәрігерлік пен қаламгерлікті тең ұстап, негізгі қызметінің ауыртпашылығы мен жауапкершілігіне қарамай, қашанда шаршамай-шалдықпай, жеке шығармашылыққа уақыт тауып жүрген профессорды республика халқы тек көрнекті хирург-ғалым ретінде ғана емес, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде журналистік зерттеу еңбектерінен де жақсы біледі. Оның медицина тарихына қатысты жазған мақалалары мен танымдық кітаптары («Жамбыл облысының медицина тарихы», «Қазақтың алғашқы дәрігерлері», тағы де басқа) отандық денсаулық сақтау ісін зерттеушілерге таптырмайтын құнды дүниелер.

Ауылда туып, балалық шақты сонда мәнді өткізіп, сонда жетіліп-өскендіктен болар, Сағындық аға туған ауылын, туған топырағын ешқашан естен шығарған емес. Қолы қызметтен сәл қалт етсе болды, киелі Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы ат төбеліндей шағын Үшбас ауылына тартып тұрады. Ағайын-жұртпен жақын дидарласып, олардың жағдайларымен танысып, туындаған мәселелерін шешуге қол ұшын беріп отырады. Оның ұсынысы және қолдауымен ауылдың кіреберісіне көрнекті қақпа-арка, орталығында ауылдық мешіт, оның қасынан 200 орындық асхана ғимараты бой көтерді. Ежелден келе жатқан «Қамыр әулие» бейітіне өтетін жол және өзенге көпір салынды. Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуына да үлесін қосты. Алмабағы жаңартылып, жас көшеттермен толықтырылды. «Туған жерге деген сүйіспеншілік пен оны қадірлеуді осы кісіден үйренуіміз керек. Ауылын көркейтуге оның үлесі мол, ол туған ауылы үшін аянбай тер төгіп жүрген абзал азамат», деп отырады оны білетіндер.

Профессор С.Ордабеков қоғамдық істерге де белсенді араласуға уақыт тауып, қоғамда болып жатқан істерге бейжай қарамай, өз ой-пікірлерін көпшілікке ашық әрі орынды жеткізіп, тың істерге мұрындық болып жүреді. Өз ісіне шын берілген маман әлі де саладан қол үзбей, зейнетке шықса да облыстық көпбейінді аурухананың беделді, мол тәжірибелі хирургі және ота жасау бөлімінің меңгерушісі ретінде адал қызмет етіп келеді.

Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жандүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы қасиетті ұғым болып саналады. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекем бекітіп, денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек еткен дәрігер-хирургті абыройлы жан десек, еш артық айтқандық емес. Ғалым дәрігердің өнегелі өмірі кейінгі жас ұрпаққа зор үлгі. Оның мына дүбірге толы өмірге, еңбекке деген таза көзқарасы мен ісін көрген жастар Сағындық ағаны ұстаз санап, еңбекке құлшынып, өмірге қанаттана бермек.

Сағындық Ордабеков өңірдегі денсаулық сақтау саласында шаршап-шалдықпай адал еңбек еткен абыройлы жан, мерейлі отбасының басшысы. Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленген берекелі де бақытты Ордабековтер бүгінде мерейлі әулетке айналған. Мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ.

Біз осындай өнегелі ұстаздың, үлгілі де белсенді ізденімпаз дәрігердің арамызда болғанын мақтан етеміз.

Жамбыл облысының хиругтар қауымдастығы атынан –
Жандос РЫСҚҰЛОВ,
Қайрат ӘБДІҚҰЛОВ,
Ержан ӘЛІМОВ,
Жандос СЕЙДАХМЕТОВ,
Нұрлан ЖАЙЫМБАЕВ,
Жантөре МОЛДАШЕВ,
Тараз қаласы