Атлах шайқасының тарихи маңызы зор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевтің қатысуымен «Атлах шайқасының тарихи маңызы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифингте Жамбыл ауданында орналасқан ерте ортағасырлық, яғни VI-XII ғасырларға тән Бесағаш елді мекеніне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жайы айтылды.
Ерте ортағасырлық Бесағаш елді мекенінің сырын ашу Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен өркениеттің өзара іс-қимылын зерттеу мәселелерінде маңызды мәнге ие. Сонымен қатар біріккен араб-түрік әскери жеңісі нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия жеріне қытай әскері 1000 жылдан астам уақыт бойы аяқ баса алмаған. Бұл зерттеу жұмысы ислам әлемі шешуші ықпал еткен қала мен дала жайлы тың деректер табуға, 751 жылғы Атлах шайқасының осы ерте ортағасырлық қаланың аумағында болғанын археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында нақтылауға мол мүмкіндік бермек. Бұл жайында Сауран Қалиев тарқата айтып берді.
Тарихи процестерді және олардың шектес аумақтармен байланысын неғұрлым толық зерделеу үшін ірі ауқымды археологиялық зерттеулерге дейін кең көлемдегі археологиялық барлау жұмыстарын жүргізу – басты талап. Қазір осы мәселеге аса назар аударылып отыр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ