Жамбыл жаңалықтары

Агросектордағы ауқымды мәселелер талқыланды

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевпен кездесу өтті. Жиынға оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбеков, «Ауыл» партиясының облыс бойынша өңірлік филиалының төрағасы Алтай Райымқұлов, профессор – оқытушылар құрамы қатысты. Басқосу еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын білім және ауылшаруашылығы салаларының өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Кездесу барысында Махметғали Нұрғалиұлы университет тарапынан жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ ректор білім сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және инновацияларды енгізу бойынша оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Одан бөлек мемлекет тарапынан берілетін гранттар, субсидиялар беру бойынша заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік қолдаудың ауылшаруашылығындағы маңызы туралы нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Анас Ахатұлы Парламенттің аграрлық сектор мен басқа да салалардағы жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берді. Ол ауылшаруашылығындағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында қолға алынып жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен сала мамандарының пікірлері ескеріліп, заңнамалық өзгерістер енгізу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.

Депутат өз сөзінде ауылшаруашылығының ғана емес, қоғамдағы өзекті тақырыптарды да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Ұлттық қорды тиімді пайдалану, субсидия бөлу тәртібін жетілдіру, қоғамдық тәртіпті нығайту және лудоманияның алдын алу мәселелеріне тоқталды.

Кездесу барысында унверситет оқытушылары мен профессорлар жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді көтерді. Сұрақтар жердің құнарын арттыру, ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайту мәселелері бойынша қойылды.

Жиынды қорытындылай келе, Анас Баққожаев аймақтағы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оларды жоғары деңгейде талқылап, шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Ал ректор Махметғали Сарыбеков мұндай кездесулердің білім беру мен ғылым саласын дамытуға тигізер пайдасы зор екенін айтты.

Айжан ӨЗБЕКОВА