Жұмысшы мамандықтары жылы өз деңгейінде өтуі тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты әр облыста жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Әулиеата өңірінде бекітілген жоспарға жұмыс берушілер, салалық басқармалар, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 50-ге жуық түрлі іс-шара енгізілген. Олардың 23-і өңір үшін маңызды. Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Жиында алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін жұмысшы топ құрылып, медиа-жоспар бекітілген.
Жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қаражат бөлінген жоба өңірде 2024 жылы өнеркәсіп саласында белсенді дамып келе жатқан бағыттарды анықтау, облыстың еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашу бағытында жұмыс істейді.
Пәтер жалдауға көп жастың қалтасы көтере бермейтінін ескерсек, ауылдық елді мекендерден келген студенттерді жатақханамен қамту маңызды екені белгілі. Осыны еске салған аймақ басшысы өңірде бұл мәселе қалай шешілгеніне, сондай-ақ орын тапшылығы қанша әрі оны реттеу қай деңгейде жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек облыста жыл сайын қанша өрен колледж бітіретіндігін, олардың өз мамандығымен жұмысқа орналасуында кедергілер бар-жоғына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының өңір үшін тиімділігі, оның қанша уақытта жемісін беретінін сұрады.
Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында нендей шаралар қолға алынғанын сұрады. Басқарма басшысы мамандарды еңбекпен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесі өткізілетінін жеткізді.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бағытындағы бекітілген жоспарлар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тікелей байланысты. Осы орайда аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтан қолға алынған іс-шаралар туралы сұрады.
Күн тәртібінде талқыланған мәселені қорытындылаған Ербол Қарашөкеев еңбек ардагерлерінің өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуді де естен шығармау керектігін ескертті.
Өткен жылдың тамыз айынан бастап облыста 77 түрлі ақпараттық жүйемен интеграцияланған «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі құрылған еді. Бұл өңірдегі 337,8 мың отбасының әлеуметтік-материалдық жағдайын санаттары бойынша жіктеп, нақты жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің сөзінше, аталған жүйедегі мәліметтер негізінде әрбір отбасының банктердегі берешектеріне дейін есептеліп, отбасының жағдайы 5 санат бойынша бөлінеді.
Жиын соңында Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембековаға облыстағы NEET санатындағы жастар мен «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі деректерде алшақтық болмауын жіті қадағалауды жүктеді. Сондай-ақ аймақ басшысы аталған ақпараттық жүйедегі мәліметтерді өзектендірудің маңыздылығына тоқталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ