Жаңалықтар

Қазақстанда метапневмовирус таралуда – Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың эпидемиологиялық жағдайы мен таралуы туралы түсініктеме береді,деп хабарлайды arainfo.kz

Жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жататын метапневмовирусының әлемде таралуы туралы БАҚ-тағы соңғы хабарларға байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады.

Метапневмовирусы – көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирус Қазақстанда ЖРВИ (жедел респираторлық вирустық инфекция) және тұмау ауруларының маусымдық кезеңінде кең таралған басқа инфекциялармен қатар анықталды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сәйкес, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға 8 360 үлгі зерттелген, олардың ішінде 1 866 (22%) оң нәтиже көрсеткен. Бұл вирустардың арасында паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%) тіркелген.

Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы, ал кейде тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері: жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Қазіргі уақытта метапневмовирусқа нақты емдеу жоқ, тек симптоматикалық емдеу жүргізіледі.

Қазіргі эпидемиялық маусымның басынан бастап, яғни ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда ЖРВИ-дің 2 002 335 жағдайы және зертханалық расталған 941 тұмау жағдайы тіркелген. Бұл тұмаудың ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 910 жағдайы, А(H3N2)-1 жағдайы және В тұмауының 30 жағдайы бар.

Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын орындарда байланыстарды шектеуге шақырады, бұл әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін маңызды.

Тұмау мен ЖРВИ-дың профилактика шаралары:

  • Адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу.
  • Үй-жайларды үнемі желдету.
  • Қолды тазарту үшін антисептиктер мен дезинфекциялық майлықтарды қолдану.
  • Ауру адамдармен байланысын шектеу және олардың оқшаулануын қамтамасыз ету.
  • Тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болғанда балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу.
  • Ауру белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну.
  • Бұл шараларды сақтау эпидемиялық жағдайды бақылауға алып, жұқпалы аурулардың таралуын төмендетуге көмектеседі.