947 миллион теңге жымқырған қазақстандық Дубайда ұсталды
Компанияның қомақты ақшасын иемденді деген күдікті қазақстандық Дубайда ұсталды, деп хабарлайды arainfo.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Дубайда халықаралық іздеуде болған Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының мәліметіне сілтеме жасалып хабарланды. Ер адам Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша ("Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") қылмыс жасады деп айыпталуда.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2022 жылы адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы алматылық ЖШС-лердің бірінен өзіне тиесілі компанияның шотына 947 миллион теңге көлемінде қаражат аударып, жымқырған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.