Жүйрікте де жүйрік бар...
Облыстық «AR-AI» жастар газетінің редакциясы жүрегінде жалын, көздерінде от ойнаған өңірдегі әр саланың жыл үздіктерін анықтады. Олар – ел ішінде бұрын-соңды аса танымал болмаған, бірақ еңбегі ерлікке тең, мамандығын жанымен сүйген жастар. Біздің редакцияның назарына іліккен жастардың бірі өз жанын қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқарып қалса, енді бірі мамандығын «мақтанышым» деп біледі, тағы бірі ілім-білім жолында биікке ұмтылып, өздерін жақсы қырынан танытып үлгергендер.
ҮЗДІК ПОЛИЦЕЙ
Жыл басында Тараз қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанты Дәурен Колкаев пен лейтенант Ералы Сансызбаев Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің бойында каналға құлап кеткен 2 жасар баланы ажалдан арашалап қалып, мамандықтарына шын берілген білікті мамандар екенін дәлелдеді.
Сол күнгі оқиғаны еске алған алған Дәурен:
Қызметтік борышын орындау кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқан қызметкерлер ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Алғыс хатымен марапатталды.
ҮЗДІК ДӘРІГЕР
Дәулет Күзен «Мейірім» медициналық орталығында балалар пульмонологі болып еңбек етеді. 32 жасар дәрігер еңбек жолын Қарағанды қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасында пульмонолог қызметінен бастаған.
ҮЗДІК ВОЛОНТЕР
Сұңғат Абай Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 2-курс студенті. Жуырда ғана ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен еліміздің жастар саясатын дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда танытқан белсенділігі үшін алғыс хатпен марапатталды. Өзгеге қолын созып, көмектесуге даяр тұратын ең белсенді әрі ең жас еріктінің мәртебесі қашанда биік.
ҮЗДІК ПЕДАГОГ
Арман Әбдіжапар Жуалы ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 24 жастағы педагог-модератор республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық мерзімді баспасөз басылымы ұйымдастырған байқауда «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін иеленген. Алғыс хатпен марапатталған.
ҮЗДІК ҚҰТҚАРУШЫ
Ержан Әбдірәимов Тұрар Рысқұлов ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны болып қызмет атқарады. Еңбек жолын Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастап, 2021 жылдан бері Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында халық игілігі жолындағы қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.
ҮЗДІК ДЕПУТАТ
Бауыржан Балғабай – Сарысу аудандық мәслихатының депутаты. Еңбек жолын 2015 жылы аудандық мәдениет үйінде бастаған. 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығында аға инспектор болып еңбек етіп келеді. 2023 жылдың наурыз айында Сарысу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Ержеткелі қайырымдылықпен айналысқан Бауыржан Берікбекұлы 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» мерекелік медалімен наградталған.
ҮЗДІК КӘСІПКЕР
Таңшолпан Жұмабаева – Астана медицина университетін тәмамдаған тәжірибелі дәрігер. 32 жастағы дәрігер биыл балалар және ересектерге арналған массаж орталығын ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Жыл басынан бастап орталыққа деніне саулық іздеген 1 000-ға жуық жан қайырылған. Жалпы Таңшолпан өз мамандығы бойынша кәсіп ашып, халыққа қызмет көрсетуді мақсат тұтқан жан.
ҮЗДІК СТУДЕНТ
Аружан Мұхтар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті. Аружан колледждегі «Саналы ұрпақ» ұйымының басшысы. Сонымен қатар облыстық жастар мәслихатының мүшесі. Ол өзінің алғыр да елгезек мінезінің арқасында студенттер арасындағы ең мақтаулылардың бірі.
ҮЗДІК СПОРТШЫ
Жуырда Ержет Жарылқасын грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атағын жеңіп алған болатын. Сөйтіп, 24 жасар спортшы қазақтың туын көкте желбіретті. Балуанға облыстық күрес федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев су жаңа «Toyota Camry» автокөлігін және жеке бапкері Асылжан Байзақовқа 3 000 000 теңгенің сертификатын табыстады. Ержет ең үздік спортшы деген атқа лайық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ