Енді аяз ата болмаспын
Екі ұлымның біреуі бүгінде төртінші, одан кейінгісі екінші сыныпта оқиды. Қазіргі балалар пысық па, әлде біздің ой-талғамымыз артта қалған ба, түсініксіз. Оларға арнап бір нәрсе сатып ала қояйын дейсің де, дәл талғамға келгенде кібіртіктеп, «көңілінен шықпай қаламыз-ау» деп күмәнданып, амал жоқ, баланы қасымызға ілестіріп шығатын болдық. Ол – балаңның қандай өлшемдегі киім киетінін білмегеннен емес, құлаққа тыныштық керек болған соң таңдау құқығын өздерінде қалдыру.
«Баланың ата-анаға өз талабын қоя алуы, таңдау құқығына қол сұқпауы керек» деуі мүмкін бәзбіреулер. Әйтсе де ата-ана сатып алып берген киімді бала ұнатпай, өзінен жасы үлкені киген киімді әлі тозбаса да мүмкін болса кимеуге тырысуы бәрібір ойландырмай қоймайды. Өйткені мұндайда әркімнің бала кезінде қандай болғаны еріксіз еске түседі.
Біз үйде арамыз екі-үш жастан үш бала тете өстік. Біреуімен жас айырмашылығым үш жас болса, одан кейінгі әкемнің інісі, марқұм менен екі жас үлкен еді. Өз басым үйдегілер не әперсе де киіп жүре беретінмін. Көбіне ағадан қалған ескіні киіп ержеттік. Себебі жасы үлкені жаңа киім алса, қалғанын біз тоздыратынбыз. Негізі осы әңгіменің жазылуына биыл балаларды жаңажылдық шырша кешіне дайындау түрткі болды.
Жаңа жыл – балалардың асыға күтетін мерекесі. Менің білуімше, осы мереке қарсаңында мектептер мен балабақшаларда шыршалар безендіріліп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар тақпақ айтып, бар өнерін көрсетіп, ата-анасы дайындаған сыйлықты Аяз атаның қолынан алып, үйге мәз болып қайтады. Осы ой жетегімен балаларға сыйлық жасайтын кез де келді. Оларға оқушы шыршасына арналған қандай киім алу керектігі жөнінде әңгіме басталғанда екінші сыныптағы ұлым: «Мен мектептегі жаңажылдық шыршаға «пауктың» да, тауықтың да киімін киіп бармаймын, сыйлық та алмай-ақ қойыңыздар, – деді жайбарақат.
Бетіне аңтарыла қарап, оның мәнісін сұрағанымызда: «Мен балабақшадағы бүлдіршін емеспін, Нұрасылдар да сыйлық алмайды, аң-құстың да киімін кимейді», – деді.
Нұрасыл деп тұрғаны – өзінен үлкен ағасы. Шешесі бірден екеуінің сынып жетекшісіне хабарласып, мән-жайға қанықты. Сол кезде белгілі болғаны, расында, төртінші сыныптағыларға ішіне түрлі тәттілер толтырылған жаңажылдық сыйлық алмайтын болып шықтық, балалар да мультфильм не ертегі кейіпкерлерінің киімін кимейді екен. Екінші ұлмен үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатып, әйтеуір, оқушылардың жаңажылдық шыршасына «өрмекші адамның» киімін кигізіп жібердік.
«Күнім-ай» атты жекеменшік балабақшаға барып жүрген үлкен ұлымызға бір жолы «Аяз атаға тақпағыңды айттың ба?» дегенімізде «Ол аяз ата емес, Қымбат апа ғой» деп күлдіргені бар. Ал біз бала күнімізде Аяз атаның кім екеніне онша бас қатырмайтынбыз. Тіпті алтыншы-жетінші сыныпқа дейін сомадай болсақ та арыстан, қасқыр, қоян секілді ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп, қойылымға қатысатынбыз. Ары кетсе ертегі кейіпкерінің киімі жоқ бір-екі бала мұндай іс-шараға оқушы болып қатыса беретін. Тек жоғары сыныптарда ғана жаңажылдық кеш банкет секілді өтіп жүрді. Бірақ кеш барысында ән салып, би билеу, қойылым қою секілді өнер көрсету дәстүрі жолдан ысырылмайтын. Осы ретте шын Аяз атаның қандай болатынына көзім жеткен оқушы кезімдегі бір оқиға есіме түсе кеткені.
10-сынып оқып жүргенімде әдебиет пәнінен сабақ беретін Күмісбек есімді мұғалімім «сенен бірдеңе шығады» деп мектепішілік айтысқа қатыстырғаны бар. Шалажансар ұйқастармен өлең құрап, әрнені сандырақтап отырып сол айтыста бірінші орын алып кеттім. Одан кейін ол мұғалім мені жетектеп апарып, аудандық оқушылар айтысына қосты. Бұдан кейін де оқушылар арасындағы аймақтық айтыста бақ сынап, ол сайыста үшінші орын алдым. Сол секілді басқа да додалардың кейбірінде ынталандыру сыйлығына ие болып жүріп, табанда мектептегі жұлдыздардың біріне айналып шыға келдім. «Күзгі бал», «КВН», «Тамаша» секілді мектепішілік іс-шараларда қойылым қойып, белсенді болып жүрдік. Әзіл айтып, қойылым қою секілді өнер түрлері бар бағдарлама бойынша мұғалімдермен де жарысқанбыз. Тіпті Ақкөл ауылы Талас ауданының орталығы болып тұрғанда мұғалімдермен бірге өнер жарысына да қатысқанбыз. Сондықтан мұндай іс-шараның маңайында жүретін мұғалімдер өнерге икемі бар-ау деген оқушыны жетектеп апарып, қандай да бір жарысқа қатыстыра беретін.
Әлі есімде, 11-сынып оқып жүргенімде әдеттегідей мектепте балалардың мерекелік кешін өткізу іс-шарасы қызу ұйымдастырылып, ел абыр-сабыр болып жатқан. Сыныпта отырған жерімнен денешынықтыру пәнінен сабақ беретін бір мұғалім шақырып алып: «Әпкейіңмен сөйлестім, сен бастауыш сынып балаларына Аяз ата боласың», – деді салған жерден.
Біздің мектепте оқушылардың жаңажылдық мерекесінде денешынықтыру пәнінен сабақ беретін жас мұғалімдер Аяз ата болып жүретінін есейгенде білген едік. Сол сәтте санама «бұл оның міндеті» деген ой келген соң және мойныма артық жауапкершілік алғым келмей: «Ағай, менің қолымнан Аяз ата болу келмейді», – дегенім сол еді, әлгі ағай ішімнен «сылқ» еткізіп бір-ақ ұрды.
Соққы тым жақын жерден жасалса да ішім қатты бүріп ауырып, дем жетпей, жүремнен отыра кеттім. Өкіріп жыламасақ та ауырсынудан жанарым еріксіз жасқа шыланды. Көздің суын білдірмей құрғатып, ыңырсып әзер дегенде дем алып, орнымнан керіле-созыла зорға көтерілдім.
«Бұйрық қатты, жан тәтті». – Боламын, ағай, – дедім сол мезет оны жек көріп кетсем де өз еркіммен келісіп тұрғандай басқаша кейіпке еніп.
Сөйтіп, қолымнан жетелеген күйі спортзалдағы шешінетін бөлмеге дедектетіп әкеліп, есікті тарс жауып алып, бет-аузыма мақтаны аямай жапсырып (ол кезде қазіргідей жасанды сақал жоқ), үстіме дәу қызыл шапанды кигізді де белімнен орамалмен бір орап байлап, басыма қызыл телпекті кигізе салды. Иығыма бір қызыл дорбаны іліп, қолыма ұзын сырық ұстатып, бөлмеден итеріп-итеріп шығарып жіберді. Соның алдында ғана шырша құрылып тұрғаны болмаса, өлі тыныштыққа оранған спортзалдың іші демде ығы-жығы адамға толып кетіпті. Екі жаққа ата-ана, мұғалімдер қаз-қатар тізіліп, мықтап жайғасып отырып алған. Оқушылар хормен «Аяз ата, Аяз ата» деп айқайлап тұр. Мына көріністі көрген мен сасқанымнан қалшиып орнымда тұрып қалдым.
Ата-ана ма, мұғалім бе білмеймін, бір әйелдің «Әй, Аяз ата, сөйтіп тұра бересің бе? Барсай балаларға» деген даусын естігенде ғана орнымнан қозғалдым. Барлығы табан астында болғандықтан мұндайда аузыңа дені дұрыс сөз де түспейді екен. Оның үстіне кештің қалай өтетіні, Аяз атаның міндетіне не жататыны секілді сценарий дегеннен мүлде мақұрыммын. Не сөз айтатыным жөнінде де ештеңе ойланбағанмын, қысқасы, дайындық жоқ. Анда-санда «Балалар, мен адыр-адыр таулардан асып, сонау алыс-алыс жерлерден келдім. Әлі де менің баратын жерім көп. Жол жүру оңай емес, шаршап тұрмын. Сендерге арнап әкелген сыйлығым бар» деп қоямын. Бұл балалар да, басқалар да Аяз атаның алыс сапардан келгеніне сенсін деген ой.
Өзіме бастауышта бір-екі мәрте сабақ берген Гүлнар есімді әпкейім бірдеңені сезді-ау деймін, «Балалар, Аяз ата шаршап тұр екен, біз онда шыршаны айналып билейік» деген соң оқушылармен қол ұстаса шыршаны айналып, барлығымыз билей бастадық. Анда-санда бір тіл қатқаным болмаса, олар тақпақ айтып, мен дорбадағы тәттілерді өз меншігім секілді шүленше тарқатып жүрмін. Байқап тұрып, қалтасы барларына тәттілерді уыстап тұрып тығамын. Бар ойым – сыйлық бітіп қалып, ел соның әуресімен жүргенде бір шетіне қарай жылыстап кетсем деген ниет. Әупірімдеп жүріп балақайлар тақпағын айтып бітті-ау дегенде тағы бір сынып менімен қол ұстаса шыршаны айналып, иығымдағы дорбаны бір мұғалім басқасына ауыстырып, мерекелік шырша кеші үзіліссіз жалғаса берді, жалғаса берді. Аузын буған өгіздей анда-санда бір сөйлеп қойып мен жүрмін. Бір кезде бір мұғалім «Балалар, мына Аяз ата ұялшақ екен, иә? Бізге мынандай Аяз ата керек пе?» деп жатты. Бір әпкей сақал-мұртымды көтеріп, кім екенімді бет-жүзімді көру арқылы білгісі келіп өліп барады. Маған да сол керек, бір ұрымтал сәтте киім шешетін бөлмеге кіріп барып, «Ағай, мені мұғалімдер Аяз ата бола алмайсың деп қуып жіберді» дедім де Аяз атаға тән барлық дүниені жерге атып ұрдым. Сақал-мұртты жұлып тастап, өз киімімді киген мен спортзалдан шыққанымда ол мұғалім 10-сыныптың бір баласын желкелеп алып келе жатты.
Қазіргі балаларды мақтап та, қорқытып-үркітіп те дегеніңе көндіре алмайсың. Әсіресе өмірде жоқ нәрсеге сендіру қиын. Өйткені олар бәрін іштен біліп тумаса да ненің шынайы, ненің жасанды, ненің жалған екенін қолындағы смартфон арқылы біліп алады. Біз «балалардың мерекесі» деп жүрген жаңажылдық кеш кейбір балақай үшін – «фейк». Оларды Аяз атаның бар-жоғына сендіру үшін алдымен өзің оны дәлелдеп шығатын факт жинауың керек. Ал бұл мүмкін емес шаруа.
Нүрым СЫРҒАБАЕВ