Сәуегейлердің болжамы қандай?
Санаулы күндерден кейін Жылан жылы кіреді. Жылан – мүшел есебінің алтыншы жылы. Өткен ғасырда Жылан жылы 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977 және 1989 жылдарға түскен. Тәуелсіздік жылдарында 2001, 2013 жылдары, енді 2025 жылға тұспа-тұс келіп тұр. Әр жыл жануардың атымен аталып, өзіндік мінез бен қасиетке ие.
Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, академик Меңдібай Әбіловтың айтуынша, Жылан жылы өте жақсы, жайлылығымен ерекшеленетінін айтады. Жылан өте ақылды, суық жануар. Яғни сергек сана мен ұстамдылықтың жылы болмақ екен.
Ал астролог Дмитрий Шимконың айтуынша, 2025 жыл өзгерістер мен даналық жылы болады деп күтілуде. Жылдар бойы басынан қиындық арылмағандар осы жылғы сәттілікке сенгендері жөн екен.
Жаңа жылға байланысты сәуегейлер де, нумерологтар да, астрологтар да түрлі болжам жасауда. Нумеролог Құралай Бақытқызы алдағы жылды ағаш жылы деп атап, әлемде болып жатқан соғыстардың тоқтайтынын жеткізді.
Тағы бір нумеролог Клара Күзденбаеваның айтуынша, 2025 жыл – тоғыздықтың жылы, яғни барлық жамандықтан құтылып, қажетсіз қарым-қатынастарды тоқтатып, өмірімізді тазартуға арналған кезең. Бұл жыл қорытынды жасау және жаңа бастамаларға дайындалу уақыты ретінде сипатталады.
Дегенмен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Ғұламалар кеңесі нумерология және оған ұқсас болжамдарға сену шариғатқа қайшы екенін ескертеді. Дін мамандары адамның тағдырын сандармен болжау және оған сену ислам дінінде құпталмайтынын айтады.
Әрине, алдағыны бір Алла біледі. Мүмкін айтылған болжамдар дәл келер, келмес, ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, табысымыз толымды, бақ-берекеміз мол болғай!
Эльмира БАЙНАЗРОВА