Әлемі бөлек Әйгерім
Өзі гүлдей нәзік болса да жаны тастай берік екенін дәлелдеген жамбылдық былғарлы қолғап шебері Әйгерім Сәттібаева – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Шынашақтай келіншек шаршы алаңға шиыршық атып шыға келгенде адамның күші білекте емес, жүректе екеніне иланасың.
Ол ұзақ үзілістен соң 2023 жылы боксқа қайта оралған еді. Әйгерімнің жұбайы – бокстан Рио Олимпиадасына қатысушысы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев. Ерлі-зайыптылар бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр. Биыл Тайланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Әйгерім Сәттібаева бокстан жартылай финалға жолдама алып, Филиппиннің жас спортшысы Магно Офелиядан басым түсті. Жерлесіміз 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Фарзона Фозиловамен де кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша, төрешілердің шешімімен жеңіс Фарзона Фозиловаға бұйырды, ал Әйгерім Саттібаева Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
Бір қолымен бесікті тербете жүріп, былғары қолғабын да ұмытпаған ол ыдыс жуып жүріп те рингті ойынан бір сәтке де шығарған емес. Аналық һәм келіндік өмірдің қиындығына бойұсынбай, әрі спорттан жеңіске жетіп жүрген жұбайының да жағдайын жасап, арасында жаттығып та үлгеретін боксшы әйел әлі талай биікке жетуді мақсат тұтады. Ол үшін қола жүлде жаңа қадамның бастамасы болып тұр. Алдағы уақытта ол талай асуды бағындырып, шаңырағына алтынмен оралу үшін тер төкпек.
Түрлі кезеңдерді басынан кешірген Әйгерім өмірлік серігі спорттан жетістікке жетіп, биік белестерді алаңсыз бағындыруы үшін өзі кейін шегініп, жолдасына жол бергенін жасырмады. Бірақ бокс десе ішкен асын жерге қоятын жас келіншекке жүрегіндегі асқақ арман маза бермей, бокс алаңына қайта алып келеді. Енді оны күйеуі Олжастың өзі жаттықтыра бастады. Осылайша бокстағы жолы қайта жалғасып, ел спартакиадасында және Испаниядағы халықаралық турнирде күміс жүлдені иеленеді. Бала кезінде кездескен қос спортшының достық сезімі есейе келе махаббатқа ұласып, шаңырағын шаттыққа толтырып, дүниеге бес перзент алып келеді.
Жұдырығы қатты, қайсарлығы мен рухы асқақ келіншекке «Спортта жаққан шамшырағың сөнбесін!» дегіміз келеді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ