Азаматтық қоғамды дамыту маңызды
Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосатын маңызды институттардың бірі. Қоғам белсенділері халықтың өзекті мәселелерін көтеріп, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс орнатуда жетекші рөл атқаратыны белгілі. Былтыр үкіметтік емес ұйымдар 135 іс-шара өткізіп, нәтижесінде 600-ден аса азаматтың мәселесі оң шешімін тауыпты. Бұл туралы кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында айтты. Өңірдегі өзекті мәселелер талқыланған кездесу барысында әлеуметтік қолдау, азаматтық белсенділікті арттыру секілді басқа да маңызды тақырыптар қозғалды.
Жиында сөз алған Ербол Шырақпайұлы үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлінің маңызды екеніне тоқталып, қоғам белсенділерінің талап-тілегіне құлақ асты. Мәселен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тағы да бір жыл тарих қойнауына енгелі тұрғанын, осы уақыт аралығында талай толайым тірлік атқарылып, өңірде оң өзгерістер орын алғанын тілге тиек етті.
Бұдан кейін сөз алған «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев облысқа алғаш рет 5 000 түп ағаш көшетін әкеліп, осы іспен көп жылдан бері айналысып жүрген қоғамдық ұйымға қолдау көрсетуді сұрады.
«Жамбыл облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан әлеуметтік жобалар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанын, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы өткізілетін іс-шаралар үкіметтік емес үйымдарға сыйақы, грант бөлу арқылы берілсе деген тілегін жеткізді.
Өз кезегінде аймақ басшысы ақпан айында үкіметтік емес үйым күндері аталып өтетінін, оған дейін қаңтар айында өзінің орынбасары Серік Сәлемов қоғам белсенділерімен кездесіп, сол жиында хаттаманың орындалуы жайлы толыққанды мәлімет беретінін жеткізді Бұдан кейін қоғам белсенділері көптің көкейінде жүрген мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тұшымды жауапқа қанықты.
Н.БОЛАТҰЛЫ