Жамбыл жаңалықтары

Қаламгерлер қолдаусыз қалмайды

Жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Еркін форматта өткен басқосу барысында аймақтың руханиятын, мәдениеті мен әдебиетін дамыту және жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, жас таланттарды тәрбиелеу, әдеби мұраны сақтау секілді тағы да басқа да бағыттарда атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді.

Руханият орталығынан зиялы қауым өкілдері бас қосып, әңгімелесетін, пікір алмасатын бір кабинет ашылғалы жатқанын сөз еткен Ербол Шырақпайұлы: «Сіздермен қалыптасқан дәстүрге сәйкес Жаңа жыл қарсаңында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Зиялы қауым – ұлттық руханияттың темірқазығы, халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші алтын көпір екені баршамызға белгілі.

«Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, қай кезеңде болсын әдебиет ұлтты тәрбилеуші басты құрал болып қала береді. Бұл тұрғыда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу» деп, әдебиеттің қоғамдағы маңызды рөлін айшықтап берді. Шын мәнінде, қазіргі біздің міндетіміз – жастарды ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеу. Әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың маңызы зор деп білемін. Бұл аса жауапты мәселеде сіздердің салмақты ойларыңыз бен әрбір шығармаларыңыз өскелең ұрпаққа рухани азық, – деді.

Сондай-ақ облыс әкімі балалардың, жалпы қоғамның кітапқа деген құштарлығын ояту мақсатында алдағы 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялап, «Тараз – кітап оқитын қала» жобасы басталғалы жатқанынан зиялы қауым өкілдерін хабардар етті. Өңірдің әдебиет өкілдерінің шығармалары алдағы кітап оқу жылында көп оқылатын кітаптардың қатарында болатынына сенім білдірді.

Келесі жылы облысымыздың тарихи жер-су атауларына байланысты «Әулиеата аңыздары» деген кітап шығару жоспарға еніпті. Зиялы қауым өкілдері бұл жаңалықты да жылы қабылдады.

Жиында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне үздік, белсенді оқушылар арасында экскурсия ұйымдастыруды, ондағы көркемсурет галереясы, облыстық тарихи-өлкетану музейін аралатып, жәдігерлермен, тарихымызбен таныстыру артық болмайтынын айтты.

Облыстың Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан өзге облыстардағыдай бізге де бір әдебиет және өнер ордасы керектігін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Сондай-ақ басқосуда ақын Шырын Мамасерікова, ардагер журналист, жазушы Бекет Момынқұл, ақын Үміт Битенова мен Ғайни Әлімбекқызы, жазушы Сабыр Рысбаев секілді қаламгерлер ұлттық, қоғамдық мүддеге қатысты көптің көкейінде жүрген мәселелерді көтерді. Бұл ретте Ербол Қарашөкеев айтылған ұсыныс-пікірлер қаперге алынатынын жеткізді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ