Білгім келген бір сұрақ?

«Біздің сынып» телехикаясы қалай түсірілді?

Өткен жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында 11-сынып оқушыларының өмірін суреттеген «Біздің сынып» атты телехикая көрерменге жол тартқан еді. 16 бөлімнен тұратын телехикая талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, жылы лебізіне ие болды. Сондай-ақ отандық сериалдың басты кейіпкері Әлиханның рөлін сомдаған Ғалым Амангелдіұлының кино әлеміндегі жаңа есім ретінде жұлдызы жанды. Тараз қаласының тумасы, жас актермен онлайн сұхбаттасып, шығармашылығы, телехикаяның түсірілімі жайында әңгіме өрбіткен едік.

Ғалым Амангелдіұлы – Тараз қаласындағы №5 Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Телехикаядағы кейіпкері Әлихан мектебінде президент бола алмағанымен, шынайы өмірдегі Ғалым зейінді шәкірттердің қатарында болған. Үздік оқушы, тіпті мектеп президенті атанған. Сондай-ақ Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алған. Жамбылдық жас дарын бүгінде М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында еңбек етеді.

Оқиғаны қысқаша баяндасақ, кейіпкеріміз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма және кино актері» мамандығы бойынша білім алып жүргенде елімізге белгілі театр режиссері Дина Жұмабай Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанатын «Ромео мен Джульетта» қойылымына кастинг жариялайды. Жақындары осы кастингке қатысуы тиіс екенін айтып, қолдау білдіреді. Көп ойланбастан іріктеуден өтуге бекінеді. Сол кезде группаласы Салтанат Төребаймен бірге кастингке қатысып, екеуі де іріктеуден өтеді. Сөйтіп, Ромео мен Джульеттаның рөлін бірге сомдайды. Қойылым көп ұзамай сахнада қойылып, көрермен назарына ұсынылады.

Қазіргі уақытта әріптесі Салтанат кейіпкеріміздің өмірлік серігі. Өнерлі отбасы бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр.

Ал көгілдір экрандағы алғашқы қадамы – «Біздің сынып» телехикаясы. Бір қызығы, сериалдағы Әлихан рөлі өз болмысына ұқсамайды.

Ғалымның айтуынша, кино мен театр сахнасында ойнаудың өзіндік айырмашылығы бар. Театр сахнасында дауыс диапазоны маңызды. Қойылымда актер сыбырлап сөйлейтін, мұңды сәттерде ақырын сөйлейтін сахналар кездеседі. Серіктесі қасында тұрғандықтан бетпе-бет диалог құратын болса, дауысы ең соңғы қатарда отырған көрерменге жетпеуі мүмкін. Әртіс айтар сөзін дұрыс жеткізе алмаса, ол үшін көрермен кінәлі емес. Өйткені сол адамға соңғы қатардан билет бұйырды. Ал кинодағы сәттер өмірге жақын болып келеді. Театрда рөлді ауқымдырақ ойнау керек. Кино мен театрдың айырмашылығы – ауқымында.

Сөз арасында актер «Біздің сынып» телехикаясын түсіру барысында кездескен қиындықтар мен естен кетпес қызықтармен бөлісті.

Актер осы тұста театр мен кино саласындағы мәселе төңірегінде ой өрбітті.

Ғалым осы уақытқа дейін академиялық театрда сахналанған «Ақтастағы Ахико» қойылымында – Альберт, «Қыз Жібекте» – Сансызбай, «Сүйікті менің періштемде» – Ұзынтұра, «Қарагөзде» – Қоскелді, «Еңлік-Кебекте» – Кебек, «Махаббат пен қасірет» драмасында Мэлс рөлдерін шеберлікпен сомдады.

Сондай-ақ «Сезім суретшісі», «Әділ Зере» телехикаяларында басты рөлдерді сомдаған жас актердің өнердің тек биігінен көрінуіне тілектеспіз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ