Әулиеата жастары үйлі бола бастады
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән берілуде. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің әр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, баспаналы болу бақытына кенелген тұрғындардың қатары жыл санап артып келеді. Бұл ретте облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, басқасын қоя тұрып, бір ғана «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының оң нәтижелеріне тоқталсақ та жеткілікті.
Байыпты бағдарлама аясында 2022 жылы жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанаға қол жеткізді. 2023 жылы да 144 жастың алыс болып көрінген арманы орындалып, пәтерлі болды. Биылғы жылы да бағдарламаға 2 миллиард теңге қаражат (1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» АҚ тарапынан) қарастырылып, 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарланған болатын.
Еске сала кетсек, өткен жылы сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс тоғызыншы сессиясында депутат Оралхан Дәуіт: «2023 жылы «Әулиеата жастары» бағдарламасы шеңберінде 130-дан аса жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр. Дегенмен келесі жылдан бастап «Отбасы банкі» бағдарламаны қаржыландырудан бас тартуда» деген ақпарат тарауда. Егер банк шынымен бас тартса, бағдарлама алдағы уақытта аяқсыз қалмай ма? Жалпы келесі жылы бағдарламаға қаржы бөлу жоспарланып отыр ма?» – деп, «Әулиеата жастары» бағдарламасына байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке көптің көкейінде жүрген сауалын жолдаған болатын.
Сонда сұраққа жауап берген Ербол Шырақпайұлы алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтып, бағдарлама жалғасатынын жеткізген еді.
«Айтылған сөз – атылған оқ». Бағдарлама биыл да жалғасып, бүгінге дейін оннан аса жас пәтерлеріне кіріп те үлгерді. Дегенмен биыл «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, бұрынғыдай салалар бойынша шектеулер алынып тасталып, 35 жасқа дейінгі барлық жастарға бірдей мүмкіндік берілді. Өтінімдер 1-10 қазан аралығында e-jambyl.kz сайты арқылы қабылданды. Осы уақыт ішінде 479 өтінім түссе, оның 41-і қатысушылар тарапынан кері қайтарылыпты. Қалған 438 өтінім комиссия қарауына ұсынылып, бірақ 26 өтінім талапқа сай болмай шығыпты. 134 қатысушыға «Отбасы банк» АҚ-нан жолдама беріліп, 278 өтінім резервтік тізімге енген. Бүгінгі таңда «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 15 жас баспаналы болып, 62 жас тұрғын үй іздеуде.
Бағдарламаға қатысушыларға арналған арнайы талаптар да бар. Соңғы жұмыс орнында жұмыс өтілі 6 айдан кем болмауы керек. 15 миллион теңгенің 5 пайыздық мөлшеріне жетерлік жинақ ақшасы болуы керек. Ең бастысы, үй алушының атында баспанасы болмауы тиіс. Үйді облыс аумағынан ғана қарауға мүмкіндік бар. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – отбасылы жастарға бірқатар қолдау бар. Бағдарламаның кейбір жеңілдіктері ұпаймен есептелетін болса, отау құрғанына бір жыл ғана болған жастар 2 ұпай ғана жинайды. Ал отау құрғандарына 10 жыл немесе одан ұзақ уақыт болған жастар 11 ұпайға ие болады. Кімнің ұпайы жоғары, үйдің кезегі сол жас отбасыға тезірек келеді. Сондай-ақ жас отбасындағы нәрестенің көп болуы да ұпайға оң әсер етеді.
«Әрекет түбі – берекет» демекші, биыл үйлі болған жастардың бірі – әріптесіміз, облыстық «Jambyl» телеарнасының дизайнері Нұрсұлтан Маратұлы.
Бағдарламаның игілігін көрген жанның бірі – облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Құралай Ақылбайқызы. Жас маман «Мыңбұлақ» ықшамауданынан 3 бөлмелі пәтер сатып алған. 2023 жылы бағдарламаға қатыса алмай, биылғы жылы бағын сынап, баспаналы болды.
2018 жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан Құралай Мойынқұм ауданының тумасы. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Дәрігер-терапевт» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Баспаналы болу – кез келген адамның өміріндегі ең үлкен жетістіктердің бірі. Өз шаңырағыңның болуы – неткен бақыт! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, әулиеаталық жастар!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА