Білгім келген бір сұрақ?

Мал дәрігерлерін не мазалайды?

Төрт түлік мал ұстап, сүрленген ет жеп, қымыз бен шұбат ішкенді ұнатпайтын жан жоқ шығар сірә. Қалалық тұрғындар да агроөнеркәсіп кешені арқылы өндірілетін айран мен сүт, қаймақ пен май, ет пен шұжық секілді өнімдердің құрамы таза, табиғи әрі сапалы болғанын қалайды. Ал дастарқанымыздан үзілмейтін сол ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы тікелей ветеринар мамандардың жұмысына байланысты.

Ауылдағы ветеринарлардың телефонына тыныштық жоқ. Бір тұрғын «сиырымның іші кепті» деп шақырса, енді бірі «базарға анықтама жазып бер» деп мазалайды. Сенбі-жексенбіде күн-түнге қарамайды. Көктем шықса тізеден садыра кешіп, елдің қорасынан шықпайтын да сол баяғы қарапайым мал дәрігерлері. Уақытылы екпесін егеді, сынама үшін малдан қан алады. Алайда облыста ветеринарларды алаңдатқан мәселе жетіп артылады.

Жақында Қордай аудандық ветеринария бөліміне қарайтын ауылдық округтердің ветеринар мамандары жағдайларының мәз еместігін айтып, жанайқайын жеткізді. Мәселен, Отар ауылдық округінің ветеринары Жалғас Қуандық аудандағы мамандар біраз уақыттан бері арнайы киім алмағанын айтады. Таяуда ғана кешігіп жеткен етіктері ең арзан, сапасыз болғандықтан ветеринарлық қызмет көрсетуге жарамсыз.

Қасық ауылдық округінің мал дәрігері Әсет Сайлаубай ветеринарларға кеңсе тауарлары да, етік те, халат та берілмейтінін ашына айтты.

Мал дәрігерлері алған қанды зертханаға дейін жеткізетін термосөмкелер де тапшы екенін айтады. Күннің ыстығында 100-200 шақырымдық жердегі зертханаға жеткенше қан ұйиды, құрамы өзгереді. Содан соң малдың ауруы анықтала ма?

Мал дәрігерлерін алаңдатқан мәселелердің анық-қанығын білмек мақсатта облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевпен жолыққан болатынбыз. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың басында аудандар мен Тараз қаласындағы 11 ветеринарлық пункт біріктіріліп, облыстық ветеринариялық станса мен оның бөлімдері болып өзгертілген. Стансаның ауылдық жерлердегі 160 ветеринарлық пунктінде 1 300-ден аса маман жұмыс істейді.

Ветеринария саласындағы көптен бері шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – елді мекендерді мал қорымдарымен, қызмет көрсету ғимараттарымен, мал өлекселерін залалсыздандыру үшін биотермиялық шұңқырлармен қамтамасыз ету болған еді. Басқарма басшысының айтуынша, биылдан бастап бұл мәселе оң шешімін табуда. Ветеринарлардың жұмысын жеңілдету үшін мал сою алаңдары мен мал қорымдарын қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Бүгінде облыста 82 мал сою пункті мен 83 қорым, облыста мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған 41 биотермиялық шұңқыр, 20 стационарлық және жылжымалы өрт сөндіру қондырғылары бар. Жергілікті бюджет есебінен Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас, Жуалы, Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарында 17 биотермиялық шұңқырдың құрылысына 283,7 миллион теңге бөлінген.

Бір қуанарлығы, бүгінде облыс бойынша ветеринария саласында кадр тапшылығы мәселесі жоқ екен. Өткен жылдың өзінде 27 жас маман ауылдарға жұмысқа орналасқан. Бұл ретте «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Жобаның арқасында ауылдардағы ветеринариялық ұйымдар жоғары және орта кәсіптік білімі бар білікті мамандармен толыққан.

Айта кетсек, биыл жалпы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге барлығы 4,2 миллиард теңге қаралған. Жыл басынан бері бірдейлендіру базасына 1,5 миллионнан астам мал енгізілсе, облыстық дерекқорда барлығы 4,6 миллион бас ауылшаруашылық жануарлары тіркелген.

Жалпы екі тараптың да айтар ойы көңілге қонымды. Алайда анық-қанығы аудиторлық тексерістен соң белгілі болмақ. Десе де қарапайым мал дәрігерлеріне жағдай жасалып, айлықақысы уақытында беріліп тұруы тиіс.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ