Үлгілі ауыл анықталды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолы тазартылды. 30 мың тоннадан аса қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 104 техника тартылды.
Ауылдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын – 50 миллион теңге, II орын – 25 миллион теңге, III орын – 10 миллион теңге) ие болды.
Атап айтқанда, Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродеково (Жамбыл) ауылдары ІІІ орынға жайғасты. Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т.Рысқұлов) ауылдары ІІ орынды еншіледі. Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, «Үлгілі ауыл» атанды.
Айта кетейік, берілген қаржыға әлеуметтік нысандардың құрылысы, сондай-ақ ауылдағы ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауыл-аймақтың ажарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге ықпал ететіні анық.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі