Жаңалықтар

Елімізде 90-ға жуық педагог 3,6 млн теңгеден алды

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша білім саласындағы жетістіктері үшін 89 педагогке мемлекеттік сыйақы тағайындалып, әрқайсысына 1000 АЕК көлемінде (3 692 000 теңге) жалпы сомасы 328 588 000 теңге біржолғы сыйақы төленді,деп хабарлайды arainfo.kz

Оның ішінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері - Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова бар. Ең жоғары дәрежелi мемлекеттік награданың бірден екі педагогке берілуі – тарихи оқиға және педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің белгісі.

Нұрпейісова Гүлжанар Молдакерімқызы математика пәнінен 40 жылдан аса дәріс беріп келеді. Оның сабақ берудегі әдіс-тәсілін, көру қабілеті бұзылған балаларға бейімдеп жазған оқулықтарын, шәкірттерінің 100 пайыз білім көрсеткішіне қол жеткізіп жүргендігін айтпағанда, бар педагогикалық ғұмырын арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арнауға бел шешкендігі де шәкірт жүрегіне жол тапқан нағыз шынайы ұстаз екенін байқатады.

Ал филологиялық білім берудегі жетістіктері мен жас мұғалімдерді ұстаздыққа баулыған тәлімгерлігі көпке үлгі-өнеге боларлық Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Траисова Эльмара Асқарқызы - еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы жұлдызды ұстаз.

Сонымен қатар қайта қалпына келтірілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын биылғы жылы Мемлекет басшысының қолынан 23 педагог алды.

Дәстүрлі республикалық «Үздік педагог» байқауының қорытындысы бойынша 64 педагог жеңімпаз болды.
Бұл шаралар педагогтердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, олардың маңдай тер адал еңбегін әділетті бағалау бағытында «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, соңғы жылдары мұғалімдердің, сондай-ақ балабақша тәрбиешілерінің, колледждерге кәсіпорындардан тартылатын мамандардың еңбекақылары айтарлықтай өсті. Мұғалімдерге академиялық дәрежесіне сәйкес үстемақы төлеу жолға қойылды. Одан басқа халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге де қаржылай сыйақы төлеу дәстүрлі үрдіске айналды.