Жаңалықтар

Таразда әскери қызметін өтеген сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салды

Запасқа шығарылатын сарбаздарды марапаттау рәсімі – әр сарбаздың Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарғанын құрметтейтін маңызды әрі әсерлі шара.

18 желтоқсан күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің саптық алаңында 2-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығару салтанатты рәсімі өтті. Барлығы еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген 300-ден астам мерзімді әскери қызметшілер өз үйлеріне аттанды. Іс-шараға бригада басшылығы, мерзімді қызмет сарбаздары және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.

Рәсім әдеттегідей әскери бөлімнің саптық алаңында салтанатты түрде өтті, барлық сарбаздар сапқа тұрып, мемлекеттік Әнұран орындалды.

5513 әскери бөлімнің командирі, полковник Ғазиз Кәдірбек салтанатты шараны ашып, сарбаздарға алғыс білдірді. Ол әскери қызметтің ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті және сарбаздардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.

Запасқа шығатын сарбаздардың атынан сөз сөйлеген қатардағы жауынгер Жақсылық Саян әскери қызметтен алған әсерлерімен бөлісіп, болашақ сарбаздарға ақыл-кеңесін берді.

5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Кансеитов шараның маңыздылығын түсіндіріп, марапаттау рәсімінің сарбаздың әскери қызметі кезеңіндегі ең жарқын әрі есте қаларлық сәттерінің бірі екенін айтты.

Рәсімге Жамбыл облыстық Білім басқармасының бас маманы Ерік Ргебаев, Тараз қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Қанат Мырзалиев, сондай-ақ 5513 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Ақайдар Дүйсембиев қатысып, сарбаздарға ақжарма тілектерін білдірді.

Рәсім соңында сарбаздар салтанатты саппен шеру жасап, әскери бөлім аумағында тәртіп пен ұйымшылдықты көрсетті. Шара соңында ұжымдық фотоға түсіп, қаруластарымен қоштасу рәсімі өткізілді. Бұл сәт сарбаздардың әскери өмірдің маңызды кезеңін абыроймен аяқтағанын білдірді.

Бұл іс-шара сарбаздардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың қоғамдағы беделін нығайтуға зор ықпал етеді. Әр сарбаз өздерінің Отан қорғаушы мәртебесін мақтанышпен алып жүретініне сенімді. Бұл рәсім сарбаздарға тек қызметтің аяқталуын емес, азаматтық борышты орындағандығының мақтанышы мен бейбіт өмірге жаңа қадам жасауға деген жігер берді.

 

 

Әзімхан Салтанат Оразбекқызы,5513 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық

жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі лейтенант,Тараз қаласы