Қоршаған ортаны қорғау – әр мұсылманның міндеті
Қоршаған ортаны қорғау – әр мұсылманның міндеті
Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! Ислам діні мұсылмандарға Жаратушысын танып, Оған құлшылық етумен қатар, Жаратушының жаратқан жаратылыстарына да аса ұқыптылықпен қарауға, қоршаған ортаны қорғап, оны аялауға, тазалық сақтап, ысырап етпеуге үйретеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында: «Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бүлдірушілік жасамаңдар», деп бұйырған. Дініміздегі қамқорлық, мейірімділік ұғымдары тек адамдарға мейірімділік көрсетумен шектелмейді. Мұсылман адам қоршаған ортаға, жан-жануарларға, табиғатқа деген мейірімділік танытуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өзара мейірімді болмайынша толық иман келтірген болып саналмайсыңдар», деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз», десті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі жаратылысты қамтитын мейірімділік», деп айтқан. Ендеше, мұсылман адам бүкіл жаратылысқа мейірімділік шуағын шашып, соның ішінде өзін қоршаған ортаға, табиғатқа, жан-жануарларға қамқорлық таныта білуі қажет. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде қоршаған ортамен байланысымыз жөнінде баяндалған мынадай мәліметтерді білуіміздің маңызы үлкен. Бірінші: Жануарлар әлемін қорғау. Құран қиссасында баяндалғанындай жер бетін топан су басқан уақытта Алла Тағала Нұх пайғамбарға кемесіне әр тіршілік иесінен бір-бір жұптан мінгізуіне әмір етілуі дініміздің жан-жануарларды қорғауға қаншалықты үлкен мән беретіндігін көрсетеді. Алла Тағала «Әнғам» сүресі, 38-ші аятында: «Жер басып жүрген жан-жануардың, қос қанатымен самғап ұшқан құстардың түр-түрі өз алдына (өздерің сияқты тіршілік ететін) бірер үммет болып табылады», деп айтқан. Сол себепті жан-жануарларды жазықсыз өлтіруге, оларды қинауға, ұясын бұзуға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешбір жазықсыздан-жазықсыз өлтірілген торғайдың өзі қиямет күні Аллаға жағдайын айтып, «Уа Раббым! Пәленше мені бір қажеттілігі үшін емес, бостан-босқа өлтірді», деп шағымданатындығын ескерткен (имам Насаи). Екінші: Өсімдіктер әлемін қорғау. Жер бетіндегі жасыл желек Алла Тағаланың адамзат баласы үшін берген үлкен нығметтерінің бірі. Өйткені өсімдіктердің адам өмірінде атқаратын рөлі орасан зор. Олар адам өміріне де қажетті ауаны оттегімен байытып отырады. Сол себепті өсімдіктерді қорғау жердегі өмірді қорғаумен пара-пар. Алла Тағала «Шуғара» сүресінің 7-ші аятында: «Олар жер жүзіне зер салып қарамай ма? Онда жұп-жұбымен неше түрлі көркем өсімдіктер өсірдік», деп өзінің берген нығметін паш еткен. Үшінші: Суды ысырап етпеу. Табиғат ресурстарын ұқыпты пайдалану да дініміздің талаптарынан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар», деп айтқан. Сондықтан әрбір нығметті бағалап, оған шүкірлік етуді үйрететін асыл дініміз судың да қадірін жеке түсінуді насихат етеді. Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері Жаратушының біздерге берген табиғат нығметтерін құт, береке деп біліп, аспандағы күннің де, астындағы жердің де қадірін ерекше бағалаған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 34-ші аятында: «Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар», деп айтқанындай, жер бетіндегі өзен, көл, табиғат, өсімдіктер мен жануарлар әлемі адамзаттың өмір сүруі үшін аса маңызды болғандықтан, оларға зиян тигізіп, бүлдіру адамзатқа жасалған қастандықпен пара-пар. Алла Тағаланың біздерге берген сұлу табиғатымызды бағалап, оған деген шүкірлігімізді қоршаған ортамызға зиян келтірмеу, керісінше оны сақтау мен молайтудың жолдарын ойлау арқылы атқаруымыз қажет. Жаратушымыз баршамызды адамзатқа пайдалы болып, қоршаған ортаға қамқор болған ізгі пенделерден болуымызды нәсіп еткей!
«Жұма уағызын» жүргізген облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК