Бәйгенің бағы неге бәсеңдеді?
Қазақ халқымен біте қайнасқан, бабаларымыздың бізге қалдырған рухани мұрасы, дәстүрлі өнері, ұлттық ат спорты – бәйге екені белгілі. Алайда бүгінде бәйгеге шабар балалардың сиреп бара жатқаны алаңдатып отыр. Қолына қамшы ұстап, тақымымен тұлпардың екпінін үдеткен шабандоз жеткіншектердің азаюының сыры неде? Ұлттық спортымыздың танымал болуына тосқауыл болып отырған қандай мәселе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Бәйге – тек жарыс емес, балаларды ержүректілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейтін, ер бойына рух беретін тағылымға толы өнер. Әрине, қоғам қарыштап дамыған сайын салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық спортымыз да түрленуде. Бірақ ат ерттеп, жылқы жетектер балалар некен-саяқ. Облыстық бәйге федерациясының төрағасы Бердалы Абашовтың айтуынша, бұл мәселенің туындауына ауылдық жерде тұратын адамдардың ат спортына қызығушылық танытпауы, асауды үйретіп, бәйгеге сәйгүлік баптайтын азаматтардың тапшылығы себеп болып отыр.
Әрине, бәйгеге ат баптау да, баланы жастайынан додаға салу да оңай іс емес. Балаларды бәйгеге дайындау барысында физикалық дайындығы, атқа міну бейімділігі мен қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынады. Қазіргі таңда көптеген жарыста балалардың жасына қарай ереже жасалып, шабандоз жеткіншекке қорғаныш киімдер, оның ішінде «шлем» мен арнайы белдік кигізу талап етіледі. Бәйгеге ерте жастан қатысу баланың психологиялық дамуына оң әсерін тигізіп, төзімділікке, батылдыққа, шапшаңдыққа бойын үйретеді.
Облысымыздың намысын қорғап, бәйге спортына 5 жасынан қызыққан Байзақ ауданының тумасы Мырзахмет Шыныбек бүгінде біраз жетістікке жетіп, аламанда алдына қара салмай, дара келіп жүрген азамат.
Бапкері Нұрмаханбет Егембердиевтен тәлім алып, аламанда ат оздырып жүрген Мырзахметтің жеткен жетістігі жетерлік. 2023 жылы Талдықорғанда өткен «Жетісу жүйрігі» атты бәйге жарысында «Сарыарқа» деген тұлпарды тізгіндеп, II орын иегері атанған. Биыл Орал қаласында өткен топ бәйгеде «Бұйражал» атты тұлпарды тізгіндеп, жеңімпаз атанған. Алматы қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған бәйгеде көлікті еншілеп, Тараз қаласында өткен додадан да су жаңа автокөлік жеңіп алған. «Желқара», «Сарыарқа», «Бұйражал» атты тұлпарларды тізгіндеп, талай сында сайысқа түскен. Бүгінгі таңда «Мылтық» есімді жүйріктің жай-күйіне қарап, бапкерімен бірге бабын келтіріп, соңғы өткен жарыстардан жеңімпаз атанып жүр.
«Бәйге алатын аттың тұяғы таймайды» демекші, бабы мен бағы қатар келген шын жүйрікке ешкім тұсау сала алмайтыны белгілі. Ал жүйрікті қамшылап, жарыс барысында аттың күшін сақтай отырып, оны дұрыс бағыттау шабандозға байланысты екені сөзсіз. 25 шақырымнан 100 шақырымға дейінгі аралықта бәйгеге түсетін тұлпарлардың төзімділігі, үстіндегі баланың қайсарлығы мен шыдамдылығы жеңіске жетелейтіні анық. Міне, осындай қиындықтарды еңсеріп, бала болса да бәсі биік бәйгеден өз орнын тапқан жас шабандоздарға алғысымыз шексіз.
Дегенмен бірнеше шақырым бойы ат үстінде отырып, тынымсыз қозғалыста болу оңай емес. Қазіргі кейбір жас балалар көз ашқалы телефонға телміріп, бойындағы бар энергиясын сарп етіп жатқанына кейде жаның ауырады. Иммуниттетің төмендігі, дененің бос болуы, күштің жоқтығы әлсіз ұрпақтың қалыбын қалап келе жатқандай. Табиғи өнімнен дәм татпаған, ет жеп, қымыз бен шұбат ішіп өспеген, жастайынан жылқы жанында жүріп, мал бақпаған баладан қандай шабандоз шығар дерсің. Әрине, оларға өкпе арта алмаймыз. Себебі баланы тәрбиелеу өзіміздің қолымызда. Заман талабына қарай сұранысқа ие мамандықтар, спорт түрлері қайта жаңарып, өзіндік ерекшелігімен жаңғырарына сеніміміз мол. Ұлттық спортымызды дамытуға үлес қосу – азаматтық міндетіміз. Байрағымызды биік ұстап, бәйгеге шабар балалар қатары көбейе берсін.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ