Жаңалықтар

Келешегі кемел Көгершін

Еліміздің экономикасын нығайтып, жұмыссыздықты жеңудің бірден-бір жолы ауылдық жерде шағын және орта кәсіпті дамытуға көңіл бөлу. Мұндай игі істердің бірқатары Көгершін ауылында көрініс табуда.

Көгершін ауылдық округіне Көгершін, Қосапан ауылдары қарайды. Округ бойынша 3 682 тұрғын болса, Көгершін ауылында 3 646, Қосапан ауылында 36 адам тұрады.

Округ бойынша 11 жылдық мектеп, балабақша, амбулатория, 3 үлкен кәсіпорын, 250 жеке кәсіпкер бар. Сонымен қатар 63 шаруа қожалық халықты жұмыспен қамтып отыр. «Ақтоған» диірменінде 20 түрлі макарон өнімі шығарылады. Сонымен қатар ұнның 3 сорты өндіріледі. Өткен жылы кәсіпорын 850 тонна ұн, 470 тонна макарон өндіріп, мал азығының бірнеше түрін шығарды. Ал тарихы 1934 жылдан басталатын «Луговой жылқы зауыты» – көпсалалы кәсіпорын. Негізгі бағыты – асылтұқымды жылқы, балық өсіру, ет-сүт өндіру, басқа да ірі қара малын ұстау, дәнді және майлы дақылдар егу.

Биыл ауылдағы Т.Рыскұлов көшесі жарықтандырылып, қазіргі таңда самаладай жарқырап тұр. Келесі жылы С.Есенов, Абылайхан көшелерін жарықтандыру жоспарланыпты. Сонымен қатар 2025 жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған орын да уақыт талабына сай қоршалатын болады. «Жеңіс» саябағына арка орнату жұмысы жүргізіліп, кіші футбол алаңы салынбақ. Дендропаркке де қоршау жұмысы жүргізіледі.

Айта берсек, ауылдағы осындай жүйелі жұмыстарды, еңбекқор шаруалардың жетістігін тізбелей беруге болады. Ауыл кішкентай болса да облыс экономикасы үшін маңызы өте зор. Менің ойымша, осындай ауылдарда кәсіпкерлікті одан ары дамытып, шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқату керек. Сонда ғана ауылдан жастардың қалаға ағылуы азаяр еді. Мысалы, Көгершін ауылы бойынша шешімін таппай отырған мәселенің бірі – тұрғындарды ауызсумен қамту. Сондай-ақ бірқатар көшені орташа жөндеуден өткізу керек. Осы секілді басқа да мәселелер шешімін тапса, ауыл ажары ашыла түсер еді.

 

Ақнұр СҰЛТАНБЕК,

оқушы