Қарасайдағы қуаныш
Қордай ауданының Қарасай ауылында 180 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді.
Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ кабинет бар. Сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.
Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Еске сала кетейік, облыста бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады. 2024 жылы 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызды құрайды (2023 жылы – 82 пайыз) деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі