Тәуелсіздікке үлес қосқан тұлғаларға тірі кезінде ескерткіш орнатуға рұқсат етілді
Мәдениет және спорт министрлігі "Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" заңға өзгерістер енгізді,деп хабарлайды arainfo.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі және көзі тірісінде сіңірген басқа да еңбегі үшін көрнекті тұлғаға ескерткіш орнатуға рұқсат етілді.
Ескерткіштерді орнату жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет есебінен немесе заңмен тыйым салынбаған басқа көздерден қаржыландырады. Құрылыс көрнекті тұлғалардың мерейтойлық даталарына немесе маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады.
Құжатта көрсетілгендей, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан жағдайлардан басқа, ескерткіштер көрнекті тұлғалар қайтыс болғаннан немесе тарихи оқиғалардан кейін кемінде 5 жыл өткен соң орнатылады. Сондай-ақ, бір елді мекенде бір тұлғаға немесе бір оқиғаға тек бір ескерткіш қойылады.
Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізіп, мүсіншілер арасында үздік жобаларға республикалық конкурстар жариялайды.