Жаңалықтар

Еуропада Санта-Клаустар жарысты

Еуропада Санта-Клаустардың дәстүрлі қайырымдылық жүгірісі ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz сайты euronews-ке сілтеме жасап.

Францияда қатысушылар қызыл-ақ түсті бас киімдер мен жамылғылар киіп, Париждің оңтүстік-батысындағы Исси-ле-Мулино қалашығының көшелерімен 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Мыңдаған Санта-Клаустың арасында бір Гринч те бой көрсетті.

Ал Венгрияның астанасы Будапештте Санта-Клаустар ерекше форматта жүгіріп өтті. Қатысушылар қызыл-ақ түсті купальниктер киіп, мерекелік шараның сәнін келтірді.

Сонымен қатар Косовода шамамен бес мың адам рождестволық костюмдер киіп, жыл сайынғы марафонға қатысты. Шарадан түскен қаражат Приштинадағы аурухананың педиатриялық бөліміне көмек ретінде берілді.

Айта кетейік, Санта-Клаустардың қайырымдылық жүгірісі Еуропада 21 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Қатысушылар төлейтін жарна толықтай қайырымдылық мақсатында жұмсалады.