Мемлекет басшысы Бибігүл Төлегенованы 95 жасымен құттықтады
Биыл Халық әртісі, «Отан» орденінің иегері 95 жасқа толды,деп хабарлайды arainfo.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақ өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенованы 95 жылдық мерейтойымен құттықтауға Алматы әкімі Ерболат Досаев арнайы келді. Ол салтанатты шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Мемлекет басшысы құттықтау хатында ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан Бибігүл Ахметқызының еңбегін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Бибігүл Ахметқызы жылы лебіздер үшін алғыс айтып, барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
21 желтоқсан күні сағат 15:00-де Алматыдағы Республика Сарайында Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтеді. Концерт бағдарламасында әншінің шығармашылығынан шабыт алған, бүгінде өздері де жетекші жұлдызға айналған өнерпаздар классикалық және қазақ музыкасының жауһар туындыларын орындайды.
Айта кетейік, мерейтой аясында Қазақстан бойынша 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Ел көлемінде концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өтті.
Бүгін қазақтың «қарлығаш көмей» әншісі, аңыз тұлға Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толып отыр. Мерейтой қарсаңында өнер иесімен сұхбаттасудың да сәті түскен болатын.
Сонымен қатар әнші Димаш Құдайберген де әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ өнерінің аңыз тұлғасы Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына орай құттықтау жазбасын жариялады.