Жаңалықтар

Жуалы ауданына қарасты екі ауылда медициналық пункт пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жуалы ауданының Талапты және Шыңбұлақ ауылдарында медициналық пункттің ғимараты тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.

Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылы тұрғындарының игілігіне берілген жаңа нысанның ашылу салтанатына ауыл ардагерлері мен қариялар, тұрғындар көптеп жиналды. 

Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді. 

Тұрғындардың атынан сөз сөйлеген ауыл қариясы Бижанбек Бейсалиев, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауылда жаңа ғимараттың салынуына мұрындық болған жауапты азаматтар мен мердігер компанияға алғыс білдіріп, көпшілікке ақ батасын берді. 

Келесі кезекте медициналық пункттің құрылысын жүргізген мердігер мекеменің өкілі Олжас Әбдіқадыров ізгі тілегін білдіре келіп, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа символикалық кілтті салтанатты жағдайда тапсырды. 

Жаңа нысанның лента қию рәсімін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев және ауыл қариясы Бижанбек Бейсалиев жүргізді. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, тәттіден шашу шашылып, жиналған көпшілік ғимараттың жұмысымен танысу үшін ішке енді.

Айта кету керек, бес келушіге арналып салынған медициналық пункт жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ғимарат ішінде дәріхана бөлмесі, физиотерапия бөлмесі, ем-шара жасау, дезинфекция, фельдшер, шаруашылық, т.б. бөлмелері бар. Мейірбике Ақжан Керімбекованың айтуынша, тіркелген халықтың тізілімінде барлығы – 578 тұрғын тіркелген. Ғимараттағы жабдықтардың барлығы дерлік заманауи медициналық құрал-жабдықтар. Мұнда есепте тұрған науқастарға ем-дом және тегін дәрі-дәрмек алуға, сонымен қатар, алғашқы медициналық көмекке мұқтаж науқастарға тиісті көмек көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа денсаулық сақтау нысаны науқастардың ем алуына ыңғайлы етіп салынған.

Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ ауылында да бес келушіге арналған медициналық пункттің жаңа ғимаратының ашылуы болып, қуанышқа ауыл қариялары, ақ жаулық аналар, тұрғындар қатысты. 

Жаңа ғимараттың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ұлт денсаулығын, оның ішінде, Президенттің тапсырмасымен ауылдық жерлерде тұратын халықтың денсаулығын нығайту, заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында ел өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын баяндап, Шыңбұлақ ауылынан ашылған жаңа нысанның тұрғындар игілігіне ұзақ жылдар қызмет көрсете беретініне сенім білдірді. Асхат Базарбайұлы өз сөзінде, ұлт денсаулығын нығайту бағытында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында белгіленіп, жоспарланған ауқымды жұмыстардың жалғасатынын айтып, көпшілікке игі тілегін қоса жеткізді.

Келесі кезекте сөз алып, тілек білдірген Шыңбұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әшірхан Исақов жиналған көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Жаңа нысанның лента қию рәсімін ауыл қариялары – Битұрсын Үсібәлиев пен Алтынбек Жамантаев жүргізді. Жаңа медициналық пункттің ішінде есептегі науқастарға дәрі-дәрмек босататын дәріхана бөлмесінен бастап, ем-шара, физиотерапия, фельдшер, дезинфекция, т.б. арнайы жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Одан бөлек, мұнда белгіленген кестеге сәйкес, диагностикалық кешен автобусы келіп, ауыл тұрғындарын медициналық тексеруден өткізіп, тиісті ем-шараларды жасайды. Сонымен қатар, медициналық пунктке аймақтық дәрігер де бекітілген. 

Қосымша айта кететін болсақ, екі ауылда ашылған медициналық пункттердің құрылыс жұмыстарына орта есеппен – 150 млн теңге қарастырылса, оның 30 млн теңгеден астамы медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Қос ауылдағы жаңа нысандардың құрылысын мердігер «Синдикат групп» ЖШС жүргізді. 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист,Жуалы ауданы.