Маңдайымызға жазылған бақ
33 жыл – адамзат тарихы үшін қас қағым ғана сәт болғанымен тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем, болмысы көркем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қарашаңырағын сақтап қалды.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дарқан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.
Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы әркім әртүрлі тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен санғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.
Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз қаза болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Тәуелсіздікке біз сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.
Тәуелсіз еліміздің жастары азаттыққа барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек.
Азаттықтың алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, этносаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыз атамекенге көше бастады. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз миллиондаған қандасымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына баспана, өзіне жұмыс, ұрпағына білім беру керекпіз. Бұл игі іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек.
Тәуелсіздік те зор бақыт, ол да бағалаған адам мен аялаған қоғамның қолына ғана тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы болатындығына сенеміз.
Олай болса, Ұлы далада ұлық ұлыс құрған күннің жалғасы – Тәуелсіздік күні құтты болсын, қазақстандықтар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Айгүл КАБИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
профессоры,
облыстық «Әулие-Ата»
Қазақ мәдени орталығы
төрағасының орынбасары