Шераға мұрасы мәңгілік
Ұлт феноменіне айналған Шерхан Мұртаза шығармалары – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайнар көзі. Оның шығармаларынан қазақ мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктеріміз туралы көптеген дерек пен мол мәлімет аламыз.
Шерхан Мұртаза өмірден кетсе де көңілден кеткен жоқ, кетпейді де. Өйткені аты мен затын иемденіп отырған еңселі оқу ордамыз бар, жүйелі жұмыс атқарып жатқан «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы бар, санасы сергек, ойы озық жас шерхантанушылар бар, шығармаларының шырынымен сусындап жүрген студент-жастарымыз бар. Оның өзін де, мұрасын да қастерлеп, қадірлейтін елі бар. Зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар, насихаттап жүрген зиялы қауым бар. Демек, Шераға мұрасы – мәңгілік.
Руханияттың жанашыры, тәуелсіздігіміздің жаршысы, санамыздың шырақшысы болған Шераға турасында айтар әңгіме таусылмайды. Желіп, желпіне алмаймыз. Бірақ өскелең ұрпақ тәрбиесінде Шераға өнегесін, насихатын, мұрасын пайдалану – қоғам қажеттілігі. Еліміздің өркендеуі, ұлтымыздың дамуы, өсіп-өркендеуі үшін мықты идеология керек. Міне, идеология –Шерхан публицистикасы, Шерхан шығармашылығы, Шерхан өнегесі, Шерхан ақиқаты мен шындығы.
Үлкен ұғымға айнала білген, өз уақытының заңғар перзентіне айналған Ш.Мұртазаның қаламгерлік соны жолы бар. Ұлт тарихының керуеніне ілесіп, суреткерлік зерделілігі мен азаматтық қайсарлығы, терең рухы арқылы сан салалы мұралардың авторына айналды. Тек жеке шығармашылықпен айналысып қана қоймай, ұлт мәдениетіне бағдаршам болып, прагматикалық әлеуеті арқылы қазақ лингвистикасының дамуына да орасан зор үлес қосты. Ш.Мұртазаны білу, тану дәл бүгін керек. Себебі Ш.Мұртазаны тану арқылы біз кешегі кеңестік заманды, тоқырау жылдарының шындығын, бүгінгі тәуелсіздігімізді танимыз. Өзімізді өзіміз танимыз, өйткені мәнді шығармашылықтың қыры мен сыры бір кезеңде ғана емес, уақыттар белесінде, замандар барысында ашыла түсетіні ақиқат.
Жазушы Шерхан Мұртазаның қай шығармасында болса да тек шындықты жазуды мақсат етеді. Кейіпкерлерінің тілі, жалпы бейнесі ұлттық болмысымызбен үйлесім тауып тұрады. Қарапайымдылығын шығарма жазу барысында шебер пайдалана отырып, ұғынықты тілмен оқырманның ойындағысын дөп басып отырады. Қысқа ғана қайырып, орасан зор дүниені тамаша бейнелеп, жеткізер ойын ұғынықты жаза білген. Дүниені жалпылай алып қарасақ, біз тек материя мен рухты ғана табамыз. Адам өзінің денесімен тіршілік етіп жатады, ал негізгі өмірді сүріп жатқан оның рухы болып табылады.
Шерхан Мұртазаның тілдік тұлғасы «рух», «намыс», «отансүйгіштік», «руханият», «ана тілі» тәрізді негізгі ұғымдық құрылымдардан тұрады. Жазушының шығармашылық кеңістігі мен қоғамдағы «рух» ұғымының рөлі айрықша. Шығармашылығының өмір шындығымен байланысы, көркемдік нысанына үнемі қоғамдағы өзекті, зәру мәселелердің шешілу жолында адам бойындағы мінез бен рухтың сипатталуы сөз болады.
Мәселен, «Қара маржан» романында қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтарға, әлеуметтік тартыстың адам тағдырына, рухани әлеміне, өмірлік, азаматтық тұғырына ықпалы, жеке адамға оның мінезіне, психологиялық жағдайына, ішкі жандүниесінің өзегі болып табылатын рухына әсері секілді көкейкесті мәселелерге назар аударылады. Ал «Ай мен Айша» романында жеке адамға тарихи дәуірдің, қоғамның әсер етуі, әу баста дұрыс қалыптасқан, санада берік орныққан ұлттық озық дәстүрдің адамның рухани кемелденуіне қосқан үлесі секілді мәселелер алдыңғы кезекке қойылған. Ал «Қызыл жебе» роман-эпопеясы осы қилы заман тудырған, сол аласапыранда «халқым» деп қабырғасы қайысқан Тұрар Рысқұловтай біртуар азаматтың, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның өмір жолын негізге ала отырып, өмір шындығын көрсетуге ұмтылады. Осыған орай ғалым Жамал Манкеева: «Тіл – этносты танушы құрал. Ол сол ұлт өкілінің ұлттық жандүниесін, сезімін сипаттайды. Адамның рухани қызметі тек қоғамда дамып, рух арқылы адамзатқа беріледі. Этнопсихология халықтардың ұлттық ерекшелігінің негіздерін, себептерін, дамуын я жоғалуын ашуға тырысады. Онда пайдалы нәрселер жетерлік», – дейді.
«Табылған теңіз» повесінде бейнеленген түсінік-танымдар сол кезеңдегі халықтың рухани тірегіне айналды. Орал өмірінің кезеңдерін көрсете отырып, жас адамның рухани қалыптасуы үшін адам үнемі өзін жетілдіріп, дамытып отыруы тиіс деп есептейді.
Ал «Домалақ ана» драмасында жеке-дара адамдық мәселеден басталып, адамзаттық проблемаларға дейін ретімен дамып, айрықша суреттеледі. «Ноқтаға басы сыймаған» шығармасы, нақты айтқанда, тарихи элегиясының жазылуына себепкер болған Бауыржан Момышұлындай батыл да батыр тұлға еді. Оның ұлты мен Отанын ерекше қадірлеген, дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қастерлеп өткен, әділет пен адамгершілік жолында күресіп, үлкен арпалыспен өмір сүрген абзал жанның өмірлік ұстанымы себеп болған десек болады.
Ш.Мұртаза «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, қашанда өз жұртының мүддесі тұрғысынан биік мінбелерден жасындай жарқылдап терең ой айтты, ұзақ түндер ұйқысыз отырып толғатқан шығармалары арқылы жұртының ой-өрісін көтеріп, санасына сәуле құйды.
Ол – тәуелсіз Қазақстанның шынайы жанашыры, қайраткері, тайсалмай сөзін сөйлей білетін атпал азаматы. Шерағаның публицистикалық жолының өзінде «Халқым!» деген ұраны менмұндалап тұрады. Ол еліміздің ұлттық менталитеттерінің негізгі элементі – ана тіліне үлкен жанашыр болды. Оның тіл туралы берген толғамдары мен сыни көзқарастары Үкімет басындағылардан бастап қарапайым халықтың санасына да терең ұялап, ұлттық рухымызды көтеруге үлкен септігін тигізді. Жалпы қаламгер ретінде Ш.Мұртаза қандай тақырыпты қозғаса да, нендей қызметтің тізгінін ұстаса да халқының рухани болмысын биіктете түсуге қызмет етті.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап елімізде жаңа қоғамның талаптарына сай кешенді түрде мемлекеттік тіл саясаты жүргізіле бастады. Сөз жоқ, бұл бағытта Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайлары тиісті ескеріліп, толығымен есепке алынды. Елдегі барлық азаматтардың (этностардың, әлеуметтік топтардың) мүдделерін кемсітпейтін, ұстамды да сындарлы тіл саясатын дұрыс жолға қоюға баса көңіл бөлінді.
Алайда ана тіліміз сонда да көптеген толқудан өтті. Шераға осы тұста да үлкен толғам айтады.
«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн» деп Ататүріктің сөзін бере келе, Парламент, Сенат, Мәжіліс қатарындағылардың тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс бергендігін, біраз уақыттан соң дәл осы Парламенттің қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдағанын жазады.
«Тіл – бізге өткен дәуірлерден қалған асыл мұра. Бізді жаратқан ата-бабаларымыз өткен. Олар бізге, өзгесін қойғанда мұралыққа тап-тамаша тіл қалдырған. Ол тіл атамыздың ақылынан, анамыздың сүтінен жаралған» деген Шераға.
Осы бір атадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігіне Шераға баса назар аударады. Біздің рухани байлығымыз да, құндылығымыз да тіл екендігін терең түйсінеді, халқына түсіндіргісі де келеді.
Қазіргі таңда есімі мақтанышқа айналған Ш.Мұртазаның шығармалары, жандүниесінен жарып шыққан терең ойлары болашақ ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелеп, қоғамдағы ұлттық идеологияның қалыптасуына зор үлесін қосады деп ойлаймыз.
Ұлтымыздың жанын, яғни баға жетпес аяулы тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тіл ретінде тұғырын нығайту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ең бастысы, елімізде тұрып жатқан барша қазақстандықтың еркін, толық қолданатын тіліне айналдыру – біздің ұлы мұратымыз. Біз үшін ел тұтастығы ғана емес, тіл тұтастығы да өте қымбат. Қазақ тілінің қазақ жерінен, Қазақстанның басқа қанатын кең жайып, еркін тыныстайтын Отаны жоқ.
Тәуелсіздік пен мемлекеттік тілдің, ұлт руханиятының, ел бірлігінің және қазақтың Шерағасының тағдыры қай кезде де үндес.
Айнұр КЕМБАЕВА,
шерхантанушы